ШҚО: Ұлан ауданында жаңа демалыс базасы ашылады

Ақтоты Жапатова 19 июн. 2025 11:04

Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жыл ішінде мұнда 2,7 млрд теңгеге жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Саладағы даму рекреациялық аймақтарды дамыту жоспары аясында жүргізілуде және ол табиғи-мәдени нысандарды қамтиды.

Биыл Шыбындыкөл көлінің жағасында жаңа демалыс базасының құрылысы басталады. Инвестор — «QaiMak Resort» ЖШС, инвестиция көлемі — 250 млн теңге. Сонымен қатар, Тарғын ауылында кафе мен санитарлық аймағы бар жол бойындағы кешен ашылады. Бұл аудан бойынша туристік бағыттардың тартымдылығын арттырады.

Дубыгалинское, Айыр және Шыбындыкөл көлдерін абаттандыруға, «Багратион» пантаемдеу шипажайын 40 төсек-орынға кеңейтуге, сондай-ақ тарихи-мәдени нысандар — Аблайкит, Ақбауыр археологиялық кешендері мен Бозанбай ауылындағы Бүркіттөбе алаңын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Сонымен қатар, 7 экскурсиялық маршрут әзірленген, олардың қатарында «Медведка – Тоғанас – Бестерек» экологиялық соқпағы бар. Бұл жерде туристердің ыңғайлылығы үшін киіз үйлер, бастырмалар, фотозоналар мен баспалдақтар орнату жоспарлануда. Ауыл туризміне де ерекше мән берілуде: қонақтарға дәстүрлі үйлерде тынығып, өңір мәдениетімен жақынырақ танысу ұсынылады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлан ауданына 13,8 мың турист келген, ал орналастырудан түскен кіріс 261,6 млн теңгені құрады. Ауданның имиджі халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың, соның ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен бүркітшілер жиналатын «Шығыс салбурыны» фестивалінің арқасында нығаюда.

Ұлан ауданы табиғи сұлулықты, тарихи орындарды және заманауи жайлылық стандарттарын біріктіре отырып, өзіндік туристік брендін қалыптастыру жолында сенімді қадамдар жасауда.


Рекомендовать
Последние новости