ШҚО-да вакцина салдырған балалар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады

Dalanews 23 дек. 2021 17:00 817

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында коронавирусқа қарсы екпе салдырған балалар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. 

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ұтыс ойыны COVID-19 инфекциясына қарсы «Pfizer» вакцинасының I компонентін 15 қараша мен 29 желтоқсан аралығында салдырған балалар мен жасөспірімдер арасында өткізіледі.

Қатысушылар Iphone13 ұялы телефонын, AirPods құлаққабын, AppleWatch смарт сағатын ұтып алып, оқу үлгерімі жақсы болған жағдайда С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Қазақстан-Американдық еркін университетіне және ШҚТУ колледжіне грантқа оқуға қабылданады.

«Ұтыс ойынына қатысу үшін vaccine-uk.kz сайтына кіріп, толық аты-жөніңізді, ұялы телефон нөміріңізді және вакцина алған жерді көрсетуіңіз керек. Талап бойынша қатысушы Өскемендегі емханалардың біріне тіркелген болуы шарт. Жеңімпаз 30 желтоқсанда сағат 18.00-де әлеуметтік желідегі тікелей эфирде анықталады», - делінген ақпаратта.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан өңіріне 11 қарашада бастап Comirnaty/Pfizer вакцинасының 35 100 дозасы жеткізіліп, 14 қарашадан бастап аталған препаратпен вакцинациялау басталғанын хабарлағанбыз. 


ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі күні облыс бойынша 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жүктілігі 16-37 апта аралығындағы әйелдер, бала емізетін әйел санаттарындағы 52 770 адам Pfizer вакцинасымен екпе алды.

Олардың 48 мыңнан астамы – жасөспірімдер, 1 100-ге жуығы жүкті және 3700-ден астамы бала емізетін әйелдер. Вакцинаның екінші компонентімен 6 400 адам вакцинацияланды.

Атап өтейік, 12-ден 18 жасқа дейінгі балаларды вакциналау тек қана ата-анасының неме жасөспірімнің заңды өкілдерінің ресми рұқсаты арқылы жүргізілуде.

\

Рекомендовать
Последние новости