Шығыс Қазақстан облысының бір ауданында бағалы пайдалы қазбаларды заңсыз өндірді деген күдікпен алты адам ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“ШҚО Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы аймақ аумағында қымбат металдарды заңсыз өндіріп келген бір топ адамды анықтады”, – делінген хабарламада.
Күдіктілердің әрекеті әуеден түсірілген бейнежазбалар арқылы әшкереленген.
Тергеу шаралары аясында экскаватор, үш металл іздегіш құрылғы, екі автокөлік және топырақ үлгілері тәркіленді.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жер қойнауын пайдалануға келтірілген залалды анықтау үшін сараптама тағайындалған.