Қазақстанның екі қаласында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына тыйым салынды

Қаракөз Амантай 22 мая 2025 10:13

Қазақстанның тағы екі қаласында – Орал мен Семейде – жергілікті билік тұрғындарға саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында бейбіт шеру өткізуге рұқсат берген жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Көрсетілген аумақта қалалық экологиялық акция өткізу жоспарланғанына байланысты рұқсат берілмейді. Азаматты шараны өз бетінше ұйымдастырған жағдайда жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту жасалсын”, – делінген Семей қаласы әкімдігінің жауабында.

ҚазТАГ мәліметінше, Орал қаласының екі тұрғыны 31 мамырда бейбіт шеру өткізу туралы өтініш берген болатын. Алайда қаланың ішкі саясат бөлімінен келген ресми жауапта нақты себеп көрсетілмеген. Тек әкімдік отырысының қорытындысы бойынша шеру өткізуге рұқсат берілмейтіні жөнінде қаулы қабылданғаны айтылған.

Бұған дейін де белсенді азаматтардың өтініштері бойынша Астана, Өскемен, Шымкент, Павлодар және Петропавл қалаларында осындай шараларға рұқсат берілмеген. Бас тарту себептері әртүрлі: бірінде – ереженің толық көрсетілмеуі, енді бірінде – өтініш берілген орынның бос болмауы. Кейбір белсенділерге бейбіт жиынды өз бетінше өткізген жағдайда заң бойынша жауапкершілікке тартылатыны, тіпті қамауға алынуы мүмкін екені ескертілген.

Айта кетейік, Қазақстанда 1997 жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланған. 2012 жылы дәл осы күні ел астанасында ашаршылық құрбандарына арналған монумент ашылған еді.


Рекомендовать
Последние новости