Шығыс Қазақстанның 6 мыңнан астам оқушысы туған өлкенің тарихы мен табиғатын тереңірек тануға мүмкіндік алды, – деп хабарлайды Dalanews.kz
«Киелі Шығыс» жобасына Шығыс Қазақстан облысындағы жалпы білім беру мекемелерінің 7-8-сынып оқушылары қатысады.
Жоба екі кезеңде өткізіледі:
- 1-кезең – «Киелі Шығыс» интеллектуалдық конкурсы;
- 2-кезең – ШҚО бойынша оқу-танымдық турлар.
Бірінші кезең 2 сәуірде онлайн платформада барлық аудан мен қала мектептерінде өтті. Конкурсқа 6 144 оқушысы қатысты. Қатысушылар өңірлік компоненттерге байланысты «Қазақстан тарихы», «География», «Биология», «Әдебиет» пәндерінен тест тапсырмаларын орындады. Конкурстың жеңімпазы болған 200 оқушы маусым айында 4 бағыт бойынша оқу-танымдық турларға қатысады: Берел (Катонқарағай ауданы), Қиын-Керіш (Күршім ауданы), Таулы Үлбі – Риддер қаласы, Сібе көлдері – Марин жартасы.
Оқу-танымдық турлар бағдарламасына экскурсиялар, шеберлік сабақтары және туризм негіздері бойынша оқу-практикалық сабақтар енгізілген. Сондай-ақ туған өлкенің дәстүрлері, мәдениеті мен мұрасын зерттеу көзделген.
Оқушыларға ұйымдастырушылар, гид-экскурсия жүргізушілер, туризм бойынша кәсіби жаттықтырушылар, мұғалімдер, медицина және полиция қызметкерлері ілесіп жүреді.
Балалар үшін Шығыс Қазақстанның мұражайларын, қорықтарын, мәдени-тарихи ескерткіштерін, киелі орындарын, табиғи ұлттық парктерін көруге – бірегей мүмкіндік болады.