ШҚО-да жыл басынан бері 369 кәсіпкердің құқықтарын қорғадық – Денис Шакенов

Dalanews 28 сент. 2023 06:29 1126

Шығыс Қазақстан облысында 2023 жылдың қаңтар айынан бастап кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында "Атамекен" өңірлік палатасымен бірлесіп "Бизнеске жол" жобасы іске асырылуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірінші кезеңде кәсіпкерлердің мәселелерін мұқият зерделеуге және оларды толық шешілгенге дейін сүйемелдеуге баса назар аударылды.

– Бүгінгі таңда палатамен бірлесіп 30-дан астам бизнеске қатысты нақты проблемалық мәселе оң шешіліп, өңірдегі 369 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Бұл ретте біз сандық көрсеткіштерге ұмтылуды мақсат етпейміз. Әкімшілік кедергілерге байланысты туындаған мәселелеріне оң шешім таба алмаған кәсіпкерлердің барлығына көмектесуге тырысамыз, – деп атап өтті брифингте ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Денис Шакенов.

Ең көп мәселелер жер қатынастары саласында және инфрақұрылым объектілеріне қосылу барысында туындайды.

Мысалы, Алтай ауданында кәсіпкер бір жылдан астам уақыт бойы қала әкімдігінің жер учаскесін аукционға қоюына қол жеткізе алмаған.

Ол сол жерге дүкен салғысы келген. Департаменттің араласуынан кейін жерге орналастыру жобасы бекітілді, жер учаскесі аукционға қойылды және кәсіпкер құны 10 млн теңгеге жуық жер учаскесін сатып алды.  


Мәселелердің тағы бір үлкен тобы мемлекеттік сатып алу және салық саласымен байланысты. Олар барлық шешілген жағдайлардың төрттен бірін құрайды.

Мысалы, фискалдық тәртіпті бақылау мақсатында 2022 жылы "Випон" бағдарламасы енгізілген.

Бұл – халыққа чектерді бермеу фактілері бойынша материалдарды салық органдарына жіберуге мүмкіндік беретін бағларлама.

Алайда бағдарламаның жұмысына ведомстволық бақылау дұрыс жолға қойылмаған.

"Көрсеткіштер үшін жарыста" ішкі кірістер қызметінің қызметкерлері өздері немесе олардың туыстары өтініш берген.

– Өскемен қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерінің бірі кәсіпкерлерден ақша қаражатын заңсыз алу үшін бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланған. Оған алаяқтық жасағаны үшін мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 миллион теңге айыппұл салынды. Мемлекеттік кірістер комитетінің атына осындай тәуекелдерді жүйелі түрде жою және қарамағындағылардың жұмысын бақылауды ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жолданды, – деп атап өтті Денис Шакенов.


Мемлекеттік сатып алу желісі бойынша кәсіпкерлердің негізгі проблемасы орындалған шарттардың ақысының уақтылы төленбеуімен байланысты.

Жоба аясында ШҚО-ның 10 кәсіпкері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдарынан кейін ғана тапқан ақшаларын ала алды.

Мұндай жағдайларды жүйелі түрде жою үшін Қаржы министрлігі төлемнің кешігуін автоматты түрде анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталының функционалын жетілдіреді.

Рекомендовать
Последние новости