ШҚО-да 1700-ден астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтылады

Ақтоты Жапатова 06 авг. 2025 18:48

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданы Асубұлақ ауылындағы су құбыры жүйесін қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты.

Жоба аясында ұзындығы 46 шақырымға жуық су құбыры желілері салынады. Бұл 524 жеке үйді, 1700-ден астам тұрғынды және 12 әлеуметтік нысанды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әрқайсысының көлемі 200 текше метр болатын екі таза су резервуары, екі сорғы станциясы, электр желілері мен резервтік қоректендіру жүйесі орнатылады. Апаттық жағдайда дизель генераторы қарастырылған. Барлық жабдық Германияда өндірілген. Нысан аумағы жарықтандырылып, қоршалып, бейнебақылау жүйесімен жабдықталады.

– Барлық жұмысты суық түспей тұрып аяқтау керек. Бұл Асубұлақ тұрғындарын уақытында сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді. Бірақ ең бастысы – адамдардың қауіпсіздігі. Ешбір жұмыс адамның өмірі мен денсаулығынан маңызды емес. Біз ешқашан мерзім үшін тәуекелге бара алмаймыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңір басшысы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін ерекше атап өтті. Бұл, әсіресе, Бозанбай ауылындағы басқа бір нысанда болған қайғылы оқиғаға байланысты маңызды. Әкім мердігер ұйымдарға бақылауды күшейтуді, ал техникалық және авторлық қадағалау қызметтеріне заң бұзушылықтарға жол бермеуді тапсырды.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында барлық қажетті техника жұмылдырылған: экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар, КамАЗдар және өзге де арнайы техникалар. Бұрғылау жұмыстары аяқталып, құбыр желілерінің алғашқы учаскелері төселіп, құдықтар орнатылған. Сондай-ақ, сорғы станциялары мен резервуарларға арналған алаңдар дайындалуда.

Бас мердігер — «КИТ-Холдинг» ЖШС, авторлық қадағалауды — «Казгражданстройпроект» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «Спецстройтехмонтаж-ПВ» ЖШС жүзеге асыруда.

Облыс әкімі жұмыс барысына оң баға беріп, басты назарда ұсталатын бағыт ретінде жалғызбасты зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтарға су жүйесіне қосылуға көмектесу қажеттігін атап өтті. Нысан толық қаржыландырылған.

Су жүйесін іске қосу құрылыс маусымы аяқталғанға дейін жоспарланып отыр.


Рекомендовать
Последние новости