Шөкеев: «Бейбіт митингтер болды, түсіндіру жұмысы жүргізіліп, диалог орнатылды»

Dalanews 15 янв. 2022 14:01 930

Түркістан облысы, Сайрам ауданында  «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істейді. Аудан әкімдігі мен «Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалы жанынан құрылған клубта жергілікті басшылар мен халық тұрақты түрде кездесіп, ең өзекті пробемаларды талқылайды. Шешімін табады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданында барған жұмыс сапарында осы тәжірибені барлық аудан, қалада жүзеге асыруды тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарабұлақ ауылында Сайрам ауданының зиялы қауым өкілдерімен және тұрғындарымен кездесуде өңір басшысы сайрамдықтардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен батыс және оңтүстік облыстарды дамыту жоспары әзірленетінін, бұл бастама ел әлеуетін көтеруге оң серпін беретінін атап өтті. Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде бірлігі мен тыныштығын сақтаған Түркістан жұртшылығының отаншылдығына ризашылығын білдіріп, бұның бәрі жергілікті әкімдіктер мен қоғам мүшелерінің, халықтың арасындағы байланыстың жақсы дәрежеде болғанының белгісі екендігін жеткізді.

– Өңір тұрғындарының ауызбіршілігі мен тәртіп сақшыларының, әкімдіктердің, қоғам белсенділері мен зиялы қауым және ерікті жастардың бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде облысымызда бұзақылық оқиғалары тіркелген жоқ. Бейбіт митингтер болды, бәріне жедел түсіндіру жұмысы жүргізіліп, диалог орнатылды. Нәтижесінде облысымыздан төтенше жағдай режимі алынып тасталды. Кабинетте отыра берсең, халықпен кездесіп тұрмасаң, қоғамдағы кейбір мәселелерді білмей қалуың мүмкін. Сондықтан пандемия қолды байласа да, аудан, қалаларға сапарымда міндетті түрде ардагерлермен, зиялы қауыммен  кездесемін. Кездесуге кәсіпкерлерді, жастарды, қоғам белсенділерін, жалпы айтары бар тұрғындарды да қосып отырмыз. Сөйлесейік, бір-бірімізді тыңдайық, елдің мәселесін бірлесе шешейік деген ой.  Еркін пікір алмасып, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын, – деген әкім сайрамдықтардың игі істерін жоғары бағалады.

–  Тұрғындары тығыз орналасқан Сайрамда әркім өз тірлігімен айналысып жатыр. Қолы бос жүрген адам жоқ. Өзінің ауылында, қорасында, бақшасында жұмыс істеп жүр. Бірлігін сақтап, тәртіпсіздіктерге қатыспады. Өйткені жұмысы бар. Екіншіден, Сайрам ауданында «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істейді. Клубтың көшпелі отырыстары әр ауылда өтіп, келелі мәселелер талқыланады. Біразы сол мезетте шешіліп жатады. Ең бастысы, билік пен халық арасындағы диалог алаңы бар. Сайрам ауданының тәжірибесін барлық аудан, қалада қолдануымыз керек.


Кәсіпкерлікті дамытуда да үлгі тұтар істері мол. Жоғарыда айтқанымдай, бізде халық пен билік арасында байланыс жақсы. Бірақ әлі де тереңдете түсуіміз керек. Әр әкім өзі басқаратын аумақтың проблемасын, жай-күйін жақсы білетін болса, өз жұмысын дүрыс атқарса, тұрғындармен ашық диалог орната алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке, әкімдіктерге елдің әлеуетін көтеруге бағытталған тапсырмалар берді. Қымбатшылықты тоқтатып, бағаны тұрақтандыру, жұмыссыздықпен күрес, қоғаммен байланысты нығайту және өзге де салаларда жақсы бетұрыстар болады және осы бағытта жұмысты күшейтеміз. Сіздердің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз назарға алынады, – деді Ө.Шөкеев.

Кездесуде ардагерлер мен зиялы қауым, жастар, жергілікті тұрғындар қоғамдағы түрлі мәселені қаузап, ұсыныстарын жеткізді. Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов  пен ел ағалары да келелі ой қозғады.  Елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ екенін айтып, Президенттің бастамаларын қолдайтындарын айтты.

Облыс әкімі жұмыс сапарында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құралған Еріктілер мектебі өкілдерімен кездесті. Мұнда 80-ге жуық волонтер тұрақты түрде қайырымдылық іс-шараларымен айналысады. Жастардың бастамасын оң бағалаған әкім олардың жұмысына сәттілік тіледі.

Жұмыс сапарында Өмірзақ Шөкеев Қасымбек датқа елді мекеніндегі «MEDICAL PARK-E» медициналық орталығының жұмысымен танысты. 2020 жылы ашылған орталықта  6 білікті дәрігер елге медицналық көмек көрсетуде. Сонымен бірге өңір басшысы аграрлық техникалық колледждің шеберханасын аралап көрді. Мұнда ауыл шаруашылығы саласының мамандары даярланып, елге қызмет етіп келеді.

Рекомендовать
Последние новости