Шодиев пен Ибрагимовтың текетіресі: сотта "жаңа кейіпкерлер" төбе көрсетті

Кәмшат Тілеухан 04 авг. 2025 12:16

"Еуразиялық қаржы компаниясы" (ЕҚК) акционерлері арасындағы корпоративтік шиеленіс жаңа сипат алып, өрши түсуде. Әуелде дау компанияның негізгі акционерлері – Шухрат Ибрагимов пен Патох Шодиевтың бір-біріне қарсы сотқа шағым түсіруінен басталған еді. Ал енді сотқа компанияның өзі мен Шодиевтың қызы да тартылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еске сала кетсек, Шухрат Ибрагимов 2025 жылдың 2 маусымында директорлар кеңесі қабылдаған шешімдерді орындату үшін сотқа арыз берген. Бұған жауап ретінде компанияның 33% акциясына ие Патох Шодиев те сотқа жүгініп, директорлар кеңесінің сол күнгі шешімдерін заңсыз деп тануды талап еткен. Сондай-ақ, ол компаниядан кезектен тыс жалпы акционерлер жиналысын өткізуді міндеттеуді де сұраған болатын.

"Қазіргі уақытта бұл даудың ауқымы кеңейіп, оған компанияның өзі, сонымен қатар Патох Шодиевтың қызы Муниса Шодиева да араласуда", деп жазады Ручная экономика Telegram арнасы.

Еуразиялық қаржы компаниясы өз директорлар кеңесінің мүшелері – Шухрат Ибрагимов пен Андрей Коповқа қарсы талап қойып, олардың іс-әрекеттерін, сондай-ақ кеңес қабылдаған шешімдерді заңсыз деп тануды талап етті. Айта кетерлігі, Андрей Копов 2023 жылдың тамызынан бері компанияның тәуелсіз директоры болып табылады.

Сондай-ақ, Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимовтың бір-біріне қарсы талаптары бойынша жүріп жатқан екі азаматтық іске үшінші тарап ретінде Шодиевтың қызы – Муниса Шодиева да тартылды. Ол Еуразиялық қаржы компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі ретінде сотқа дербес талап қойып, Ибрагимов пен Коповтың, сондай-ақ кеңестің шешімдерін заңсыз деп тануды сұрап отыр.

Сот барлық арыз-шағымдарды бір іске біріктіріп, кешенді түрде қарастыру туралы шешім қабылдады.

 


Рекомендовать
Последние новости