Шыңғыс Мұқан: "Наурызда жаппай мерекелік серуен болмайды"

Dalanews 19 мар. 2021 12:48 804

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәлімдеді.


– Биыл Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің идеясымен үшінші мегаполис Наурыз мейрамын «Наурыз – Шымкенттен басталады» атты мегажобамен бастады. Бұл жобаның идеясы жүзеге асып, бүкіл Қазақстан халқы осы айда Шымкентке беттейтіндей тойлау үшін бірнеше жыл керек.


Оған қоса, негізгі мақсаты – парсы және түркі халықтары Ұлыстың ұлы күнін халықаралық деңгейде тойлайтын мерекеге айналдыру.


Яғни, бүкіл әлем халқы Жапонияға Сакураның гүлдеуіне, Голландияға раушан гүлін іздеп баратындай деңгейге жеткізу. Бұл мерекенің миссиясы мен философиясы – осы, – деді Ш.Мұқан.


Брифинг барысында Шыңғыс Жұмабекұлы халық жаппай мерекелік серуенге шығатын күндерге тоқталды.


– Шымкент қаласы былтырдан бері «жасыл аймақта» тұр. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 36 жағдайы тіркелді. Әрине, жалпы алғанда аса көп емес.


Бірақ эпидемиологиялық ахуал қалыпты болып тұрған жоқ. Сол себепті Шымкент қаласының тұрғындары халық жаппай мерекелік серуенге шығатын 21, 22, 23 наурыз күндері Ұлыстың ұлы күнін жылдағыдай дәстүрлі түрде тойлай алмайды.



Ал біз тізімін бекіткен 10 күндік мерекелік іс-шаралар телевизиялық форматқа көшіріледі, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.


Осы орайда Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова мерекелік іс-шаралар төңірегінде сөз қозғады.



– «Наурыз – Шымкенттен басталады» мегажобасы аясында бүгінге дейін 50-ден аса іс-шара өтті. Оның ішінде ашық алаңдағы бағдарламалар ауа-райының қолайсыздығына байланысты концерттік залдарға ауыстырылды. Бұл ретте мерекелік кештер барлық санитарлық талаптың сақталуымен әрі келушілердің саны шектелумен ұйымдастырылды. Ал бүгіннен бастап бүкіл мерекелік іс-шараны телевизиялық форматқа көшіріп, қорымызды кереметтей сәттермен толтыруды жоспарлап отырмыз, – деді Ханзада Әзімханқызы.


Айта кетейік, «Наурыз – Шымкенттен басталады» атты жобасы аясында қалада 14 наурыз – «Көрісу» күні, 15 наурыз – «Жер-көк» табиғат күні, 16 наурыз – «Шежіре» күні, 17 наурыз – «Тарихқа тағзым» күні, 18 наурыз – «Игі істер» күні, 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік» күні, 20 наурыз – «Зияткерлік» күні, 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар» күні, 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы» күні және 23 наурыз – «Жоралғы» күні болып белгіленген.


Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы


Фото – Серік Қосай


Рекомендовать
Последние новости