Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық әрекеті бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сотталушы орындығында отырған Ернар Жиембай сот тыңдауында күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Соттағы жауап беру барысында Ернар Жиембай өзінің атышулы мәлімдемесінде оған жоғары лауазымды шенеунік қастандықты ұйымдастырғаны туралы жалған ақпаратты айтуға өтініш жасалғанын жеткізді.
"Ең қызығы, маған қызметкер арқылы арнайы өтініш айтылды. Мені жалдамалы кісі өлтіруші ретінде көрсетуді сұрады. Солай жасасаң, сені тіпті о дүниеден болса да Руслан Берденовтың өзі алып шығады деді", – деп мәлімдеді сотталушы Ернар Жиембай.
Осы сәтте сотталушының сөзін прокурор тоқтатып, судьяға істің мәніне қатысы жоқ ақпараттың айтылып жатқанын айтты.
"Құрметті сот төрағасы, айыпталушы істің мән-жайына қатысы жоқ деректерді айтып жатыр. Егер жауап беруін аяқтаса, сұрақтарға көшуді сұраймын", – деді прокурор.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, бұған дейін Руслан Берденов сотқа келуге міндеттелгені хабарланды. Сот отырысында судья Әбінұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға жоспарланған негізгі сот процесіне міндетті түрде қатысуға шақырды.