Шымкентте «RIC ON EXPORT» бағдарламасы іске қосылды

Dalanews 21 нояб. 2017 15:45 846

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Новосібір қаласындағы «Фудсиб» сауда кешені арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ондағы мақсат – өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің экспорттық әлеуетін арттыру болып табылады.

Мұндай келісімге Ресейдің Новосібір қаласында өткен «Фудсиб» жемістер мен көкөністер көтерме және бөлшек сауда кешенінің ашылу рәсімі барысында қол жеткізіліп отыр. Аталған жиынға облыс әкімінің тапсырмасымен ОҚО мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, «Ырыс» микро қаржылық ұйымының директоры Данияр Арынғазин, Көлік және логистика аймағының бас директоры Е. Бектаев, «Ордабасы құс» ЖШС басшысы Б. Жұмаханов қатысып қайтқан болатын.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мақсатында ұйымдастырылған сапар жемісті болып, «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы «RIC ON EXPORT» бағдарламасын іске қосты. Нәтижесінде қазіргі таңда Оңтүстікте өндірілген тауарлардың Новосібір қаласына бірінші жеткізілімін жөнелту жоспарланып отыр.  Осы орайда компанияда Ресей Федерациясына өнімдерді экспорттауды ұйымдастыруда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету және кешенді қызмет көрсету үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Айта кету керек, «ОҢТҮСТІК» АИО «RIC ON EXPORT» ауылшаруашылық өндірушілерінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының шеңберінде орталықпен қаржыландырылған ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен «RIC ON KORME» атты тұрақты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылуда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости