Шымкентте қоғам тыныштығын күзеткендер марапатталды

Dalanews 24 июн. 2017 11:31 708

1992 жылғы 23 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңы Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Осыған орай, 2007 жылдан бері Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Қазақстан полициясы күні ретінде атап өтілуде.

Облыстық опера және балет театрында өткен Ішкі істер органының 25 жылдығына арналған салтанатты шара сала мамандарының қырағы қызметін ұлықтауға арналды. Шараға қатысқан қала әкімі Ғ. Әбдірахымов қоғам тыныштығын күзеткен сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

Өз кезегінде, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының басшысы, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев қоғамдағы полиция қызметкерінің еңбегін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, жыл басынан бері тіркелген құқық бұзушылық саны біршама төмендегенін жеткізді. Тиісінше, мемлекет тарапынан саладағы материалдық базаны нығайту қызметі де артып келеді. Мәселен, 2014 жылы қала аумағында полицияның бар болғаны 29 учаскелік бекеті болса, қазір олардың саны – 68-ге жеткен. Сондай-ақ, қала аумағындағы 17 стационарлық бекетке қосымша тағы 10 бекет салу жоспарлануда. 2015 жылы жол полицейлерінің қызметінде бар болғаны 5 эвакуатор болса, бүгінде тағы 5 эвакуатор мен 30 «Киа Серато» көлігін сатып алуға қаржы бөлінген.

– Қазақстан полициясы күнінде жауапты қызметті абыроймен атқарып, қоғам тыныштығын күзеткен жандарға ризалық сезімін білдіріп, алғыс айтуға тиіспіз. Бастысы, бұл күн бейбіт уақытта жергілікті тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге лайықты құрмет көрсету болып саналады, – деді Арман Арун-Рашидұлы.

Бұл күні өзінің қызметтік міндетін атқару кезінде опат болған полицейлердің есімі аталып, марқұмдардың туыстарына сый-сыяпат тапсырылды.

Рекомендовать
Последние новости