Шымкентте Қазақстан полициясының 26 жылдығына орай ескерткіш ашылды

Dalanews 22 июн. 2018 09:18 802

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан полициясының 26 жылдығына байланысты ескерткіш-обелиск ашылды. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, милиция генерал-майоры Ж.Сұлтанов және өзге сала ардагерлері мен полиция қызметкерлері қатысты.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде алғашқы болып сөз алған облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы жаңа нысанның мән-маңызына тоқталып, ішкі істер органдары қызметкерлерінің төл мерекесімен құттықтады.

– Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектерін ескере отырып, қаза тапқандардың құрметіне орай ескерткіш қоюды жөн көрдік. Бүгінгі ұрпаққа ұлағат, болашаққа аманат етуді мақсат еткен бұл нысан өткенге тағзым болары сөзсіз. Әрине ерлікпен қаза тапқан батырларымызды ешбір ескерткішпен алмастыра алмаймыз. Елдің тыныштығы жолында жанын құрбан еткен ержүрек, батыл ерлер ешқашан ел жадынан шықпайды. Құрметті полиция қызметкерлері! Әрқашан анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа абыройлы қызмет ете беріңіздер! Еліміз тыныш, халқымыз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шара аясында облыстық Ішкі істер департаментінің жеке аппарат құрамы салтанатты шерумен жүріп өтті. Сондай-ақ, шараға қатысушылар ІІД музейін тамашалады.

Кейін «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында полиция саласында арналған фото көрме ұйымдастырылды. Үздік полиция қызметкерлері марапатталып, шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости