Шымкентте Наурызды тойлауға 213 млн теңге жұмсалған

Dalanews 25 мар. 2021 13:15 1099

«Наурыз – шымкенттен басталады» атты мегажобасына 213 млн теңге жұмсалған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова мәлімдеді.

– «Наурыз – Шымкенттен басталады» атты мегажобасы аясында 103 іс-шара өтті. Бұл мерекелік жиындарға 213 млн теңге жұмсалды. Ал қазнетте талқыға түскен 572 млн теңге Шымкент қаласы мәслихат депутаттарының қолдауымен жыл соңына дейін өткізілетін іс-шараларға бөлінген.

Жалпы, Ұлыстың Ұлы күніне орай 157 мерекелік жиын өткізуді жоспарлағанбыз. Бірақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты олардың саны қысқарды, – деді Ханзада Әзімханқызы.

Осы орайда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан он күндік мереке барысына тоқталды.

– Ұлыстың Ұлы күнінде Шымкент қаласына бүкіл халықты жинауға болатынына көзіміз жетті. Тарқатып айтсам, кешегі «Наурыз – Шымкенттен басталады» атты мегажобасы аясында үшінші мегаполиске келушілердің саны екі-үш есеге артқан. Яғни, біз бір мақсатты орындадық деген сөз.

Бірақ мерекені жоспардағыдай өз деңгейінде өткіздік дей алмаймыз. Індетке байланысты жаппай мерекелік серуендеу болған жоқ. Оған қоса, ашық алаңдағы бағдарламалар ауа-райының қолайсыздығына байланысты концерттік залдарға ауыстырылып, келушілердің саны шектелумен ұйымдастырылды. Ал мереке қызған шақта 21, 22, 23 наурыз күндері іс-шараларды телевизиялық көрсетілімге көшіруге тура келді, – деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары.


Брифинг барысында Шыңғыс Жұмабекұлы мәдениет саласы бойынша сөз қозғады.

Оның айтуынша, өркениетті елдерде мәдениет саласына көп көңіл бөледі. Яғни, креативті қала даму негізіне айналады. Тіпті мәдениет инфрақұрылымнан да маңызды.

Шыңғыс Жұмабекұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласының мәдениет саласына толық анализ жасалынып, даму жоспары нақты бекітілген. Оның ішінде кітапханаларды жаңғырту басты назарға алынған.


 

Рекомендовать
Последние новости