Шымкент қаласындағы №43 мектептің бас бухгалтері Айдана Мекемтас бюджет қаржысын ұрлағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот дерегінше, 27 жастағы Мекемтас 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың тамызына дейін мектептің электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, 15 мұғалімнің жалақысын негізсіз арттырып отырған. Кейін «техникалық қате орын алды» деген сылтаумен артық төленген қаражатты өзінің жеке есепшотына аударуды сұрап отырған.
Сонымен қатар, ол мектепке тауар сатып алуға бөлінген ақшаны жеке кәсіпкердің есепшотына аударып, бұл қаржыны да өз қажетіне жаратқан. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген залал 13 миллион теңгеден асқаны анықталды.
Айдана Мекемтас сотта өз кінәсін толық мойындап, жымқырылған қаржыны жеке мақсатта пайдаланғанын айтқан. Ол мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеген.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары – "Қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру" бойынша кінәлі деп таныды. Үкімге сәйкес, ол екі жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет ету құқығынан айырылды.
Жәбірленуші тарап ретінде қалалық білім басқармасы танылды. Үкім заңды күшіне енді. Сотталушы сот залында қамауға алынып, жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейтін болды.