Шымкент әкімі мен Антикордың бірлескен операциясы: тың мәлімет пайда болды

Қаракөз Амантай 09 февр. 2024 10:46 18610

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов БАҚ өкілдеріне жақында Шымкентте болған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

6 ақпанда Шымкентте әкімнің қатысуымен өткен жиналыста тұрғын үй басқармасының басшысы 120 миллион теңге шығын келтірді деген күдікке ілініп, антикор қолына түскен болатын. Бұл жағдай әлеуметтік желіде көпшіліктің талқысына түсті. Бірі әкімнің бұл әрекетін жақтап жатса, бірі даттап жатты. Тіпті мұны арнайы қойылымға теңегендер де табылды.

Осы тұста мұның дұрыс не бұрыс екенін нақтылау мақсатында журналистер Ахметжановтың осы жағдайға байланысты пікір білдіріуін сұрады. Ол өз кезегінде антикор барлық жерде ашық әрекет ететінін алға тартты.  

"Біз жағдайды қарап шықтық. Бұған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүкіл жерде ашық әрекет ететінін айттық. Антикорды (оқиға орнына) шақырғанда жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісім болады. Бұл қала әкімінің бастамасы болуы мүмкін", - деді Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полковнигі.

Еске салайық, Шымкентте шенеунікті Антикор қызметкерлері жиналыс үстінде алып кеткен болатын. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің Instagram парақшасында жариялаған. Видеода ол әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметінде алдымен халықтың игілігін ойлап, соған сүйене шешім қабылдауы керек екенін атап өтеді.

"Әкімдік қызметкерлерінің арасында адал жұмыс істейтіндер көп, бірақ сатқындар да бар, мен сіздерге талай рет ескерттім", - деген әкім басқа амалының қалмағанын айтқан болатын.


Рекомендовать
Последние новости