Бектенов Үкіметі бюджеттік кризисті шеше ала ма?

Айбар Олжай 07 февр. 2024 16:09 2344

Бүгін Мемлекет басшысының жаңа үкіметтің жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруына қатысты берген тапсырмалары - құлағы қылтиып келе жатқан экономикалық тоқырауды болдырмау бойынша соңғы ескерту сияқты көрінді.

"Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді.... Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр... Алайда, бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр. Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді.

Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін", - деді, Президент Тоқаев.

Соңғы жылдары бізде қызық жағдай қалыптасты. Оны "Теңгебаев парадоксы" деп атар едім. Өте қарапайым түрде түсіндіріп кетейін.

Біз өзіміз жинаған салықтан көп ақша жаратамыз. Осы жетпей жатқан айырмашылық бюджеттік дефицит деп аталады. Ол шамамен бір жылда 3,5-4 триллион теңге болып шығады. Оны үкімет 3 триллиондайын Ұлттық қордан алып, 1 триллион теңгесін облигациялар арқылы қарыз алып жүрген. Тура осы сценарий жалғаса берсе:

1. Ұлттық қорды толтыра алмаймыз. Ал егер мұнай бағасы түсіп кетсе, қорды тіпті азайта бастаймыз.

2. Қарыз өсуде. Оны жыл сайын төлеу көлемі көбейіп барады. Қазір бір жылда қарызды қайтаруға 1 триллион теңгеден астам ақша кетіп жатыр.

Енді осы қауіпті тоқтату үшін қандай қадамдар ойластырылған еді?

1. Жиналатын салықты көбейту. Әлихан Смайылов үкіметі әрі ойланып, бері ойланып, жаңа салық кодексіне ҚҚС-ны 12%-дан 16%-ға көбейту туралы өзгеріс енгіземіз деп шешкен. Сол кезде есептегенде қосымша 2,5 триллион теңге салық түседі делінді. Ұлттық қордан алынатын ақшаны осы арқылы қысқарту көзделген болатын.

2. Бюджет шығындарын азайту. Бұл ретте үкімет шығынды азайту жолдарын таба алмады. Себебі, шығынның 56 пайызы әлеуметтік - зейнетақы, шәкіртақы, мұғалімдер мен бюджет қызметкерлерінің айлығы, АСП, мүгедекақы, декрет сынды әлеуметтік төлемдер. Оны қайтып қысқартасың? Керісінше жыл сайын инфляцияның үстіне ақша қосып өсіріп отырмаса, халық жағдайы төмендей береді. Жол салу керек, ЖЭС-тер тозған, комбайндар шіри бастады, еліміз болашақ соғыс қаупіне дайындалу үшін қорғанысқа ақша дереу қажет болып тұр. Демек, бюджет шығындары қысқарудың орнына арта бермек.

Бірақ ҚҚС-ны көтеру екі қатер әкеледі: Қазақстандағы ҚҚС 16 пайыз болып кетсе, бізге келейін деп отырған инвестор ойнынан айнып қалуы мүмкін. Ал елдегі ҚҚС төлеп жүргендер бизнесін бірнеше ЖШС-ға бөліп, мүлде ҚҚС-ға кетіп қалады.

Теңгебаев парадоксының формуласы: кеше 100 теңге төлеп отырған кәсіпкерден бүгін 120 теңге алсаңыз, ол биыл төлер. Ал келесі жылы сол үшін жағдайы нашарлап, мүлде салық төлей алмайтын халге түседі. Бірақ сіз биыл 120 теңге алмасаңыз, отбасыңыз қатты ашығып, әйеліңіз үйден кетіп қалуы мүмкін. Ақыр аяғында сіз де, кәсіпкер де ұтыласыздар.

Бүгін президент үкіметтен тез жетістікке жету құралы – ҚҚС-ны көбейту мүмкіндігін тартып алды. Себебі, ол биыл дивиденд берсе де, ертең банкроттыққа апару қаупі бар. Енді, үкімет тығырықтан жүйелі реформалар арқылы шығуы тиіс. Және ол бірден эффект бере қоймайды.

Жаңа экономикалық саясаттың негізгі ойы: ескі жолдар, үйреншікті қадамдар табыс әкелмейді. Бюрократия мен коррупция басты жау. Қалыптасқан дүние мен көзқарасты мүлде өзгертіп, жаңа күтпеген қадам, реформа жасаудан қорықпау керек. Бүкіл елге серпін қажет.

Парадоксты қалай шешеміз? Биыл жылдың басты сұрағы осы.


Рекомендовать
Последние новости