Шығыста кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары қарқынды іске асуда

Dalanews 23 февр. 2018 08:04 845

2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 114 миллиард теңгенің тоғыз жобасы іске асырылады. Бұл туралы бүгін тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі барысында облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.

2010 мен 2017 жылдар аралығында облыста жалпы сомасы 589 миллиард теңгені құраған 43 жоба, оның алтауы (381 миллиард теңге) былтыр, жүзеге асырылған.

– Кәсіпкерлікті қолдау картасына енген жобалардың ең ірісі деп Ақтоғай тау-кен комбинатының құрылысын айтуға болады. Бұл өндіріс орны бүгінде әлемдегі алпауыт комбинаттардың біріне айналды. Былтыр комбинаттағы мыс өндірісінің көлемі 90 мың тоннаға ұлғайса, катодтық мыс өндірісі 25 мың тоннаға дейін артқан. Бүгінде комбинатта 650 адам еңбек етсе, оның 350-і ғана негізгі жұмысшылар екенін айтқым келеді. Цифрландыру мен ақылды технологиялар деген осы, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Өскемен арматура зауытындағы жаңғырту жұмыстары аясында кәсіпорында роботтандырылған дәнекерлеу кешені іске қосылғанын да айта кеткен орынды. Аталмыш кешен еңбек өнімділігін 40 пайызға арттырып, шығарылатын өнімнің сапасына берілетін кепілдік мерзімін 36 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды жоба ретінде «ТАГ-ТИН» ЖШС-нің майлы дақылдарды (рапс) қайта өңдеу зауытының құрылысын келтіруге болады. Айта кетейік, аталмыш зауыт импортты алмастыру бағытында жұмыс істейтін болады.

Бұған қоса облыста заманауи технологиялардың көмегімен Бақыршық кен байыту комбинатына қарасты алтын кенішін игеру жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Аталған кеніштің жылына 1,8 миллиард тонна қазба байлығын өндіруге шамасы жетеді. Жоба толық күгшіне 2019 жылы енеді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, өндірісті цифрландыру бағдарламасы бойынша және «4.0 Индустриясы» элементтерін негізге ала отырып жалпы сомасы 15 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаның «Қазмырышқа» қарасты екі жобасы (құны 1.4 миллиард теңге) жүзеге асырылып үлгерген.

– Осы жұмыстардың барлығы Елбасы Жолдауындағы «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деген бірінші міндетіне сай жүргізілуде. Бұл шаруа үстіміздегі жылы да жалғасын табады. Осы орайда, цифрлік революция мен одан туындайтын өндірісті автоматтандыру және роботтандыру үдерістері кадрлық революцияға да жол ашатынын айта кеткен орынды. Еңбек нарығы елеулі өзгеріске ұшырай бастағанын қазірдің өзінде-ақ байқауға болады. Цирландыру экономиканың салаларына дендеген сайын өзгерістер де ауқымды бола түспек. Сол себепті, болашақта қоғамда жаппай жұмыссыздық орын алмауы үшін қазірден бастап өңірдегі өндіріс орындарымен жұмыс күшінің ағымын басқаруға бағытталған бірлескен «Жол карталарын» әзірлеудеміз. Жоғары оқу орындары мен колледждер атом және тау-кен өндірісіне қажетті мамандарды даярлау жұмыстарын бастап кетті, – деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімі кәсіпорындардың жұмысын «4.0 Индустриясының» элементтерін пайдалану арқылы жаңғыртуға бағытталған, сондай-ақ Кәсіпкерлікті қолдау картасы мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысын қадағалауды өзінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа тапсырды.

 

https://dalanews.kz/34290

Рекомендовать
Последние новости