Шығысқа сапар

Dalanews 23 мая 2016 03:04 1019

Қытай еліне саяхат жасау менің балалық шағымнан бергі арманым болып табылады. Әкем “біздің отанымыз – Қазақстан” деп үйретіп отырған сәтте, ал “қуыршақтардың отаны қай жер” деген сауал қойған едім. Әкем “қуыршақтардың отаны Қытай” деп жауап берген еді. Міне, дәл осы сәттен бастап менің көкірегімді Қытай туралы сауалдар кернеді. Ұйықтар алдында Қытайға саяхаттауды армандап, тәтті қиял жетегінде ұйықтап қалатын едім.

Осы жазда менің  балa кездегі арманым орындалды. ҚХР-ның Қазақстандағы бас Консулдығының және киелі оқу ордасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің серіктестік жұмысы нәтижесінде біз, қазақстандық қытай тілін үйренуші студенттер Қытайға жазғы лагерьге аттандық.  Қуанышымызда шек болмай, төбеміз қуаныштан көкке жетті.  Құжат пен виза формальділіктерін рәсімдеу шараларымен айналысып жүріп, Қытайға ұшар күннің  жеткенін байқамай қалдым. Бойымды түсініксіз сезімдер билеп алды. Бір жағынан арманымның аздан соң орындалатынына қатты қуансам, екінші бір жағынан отанымды, туған-туыстарымды қимастық сезімі пайда болды. Осындай сезіммен әуе көлігіне көтерілдім. Бірнеше сағат өткен соң, межелі орынға Бейжіңге келіп жеттік. Бейжің - Қытайға саяхатымның алғашқы аялдамасы болған соң, мен үшін өте ыстық қала, жадымда мәңгі өшпес із қалдырды. Бейжің - Қытайдың астанасы болып қана қоймай, тарихи және мәдени орталығы болып табылады. Бейжің көшелерінде  Қытайдың тарихы мен мәдениеті жөнінде сыр шертетін жәдігерлер мен заманауи құрылыстар керемет үйлесімділікте жатыр. Астаналық өмірмен жете танысып, үлкен әсер алған біз, енді Қытайдың экономикалық орталығы - Шанхай қаласына жол тарттық. Шанхай - Қытайдың асыл маржаны, өте тез қарқынмен дамып келе жатқан экономика және сауда орталығы болып табылады. Тіпті, Қытайдың Нью-Йоркі деп айтсақ, артық айтпаймыз. Түнгі қала көріністері тамаша, көше бойы жарық шамдар, тіпті құрылыстардың қабырғалары да үлкен теледидар экрандарына айналған. Аспандағы жұлдыздарға қарамасаң, тіпті мезгілдің түн екенін ұмытып та кетесің. Расымен де, Шанхай жоғары деңгейде дамыған, болашағынан зор үміт күттіретін қала, алдағы екі-үш жылда әлемнің маңызды экономикалық орталығына айналары сөзсіз. Сапарымыздың келесі бекеті - Чиньдао қаласы. Чиньдао Қытайдың туристтік қаласы, бұл қалаға әлемнің түкпір түкпірінен, сонымен қоса Қытайдың өзге де аудандарынан туристтер ағылып келеді.

Басты себеп - Сары теңіз суына шомылу, жағажайда демалу. Біздің де басты мақсатымыз сол еді. Чиньдаоға келе сала, Сары теңіз жағалауына беттедік. Кейін, теңіз тағамдарымен тамақтандық. Ашық теңізден жырақта тұратын бізге Чиньдао тағамдары экзотикалық болып көрінді, алайда өте дәмді, әрі пайдалы. Осылайша, біздің Қытайға саяхатымыз аяқталды. Бұл сапардан алған тәжірибеміз бен түйген ойларымыз болашақта маңызды рөл атқарары айтпаса да түсінікті. Алайда, бастысы қытай тілін үйренуші біздерге бұл сапар білімімізді жетілдіріп, қазақ-қытай қарым-қатынасын нығайту саласында аянбай еңбек атқаруға түрткі болары сөзсіз. Осы сапарды ұйымдастырушы ҚХР Қазақстандағы Бас Консулдығына, сапарға баруға мүмкіндік берген киелі шаңырағымыз әл - Фараби атындағы ҚазҰУ-ыма және Шығыстану факультеті мен қытай тілін үйреткен ұстаздарыма үлкен алғыс білдіремін!

                               Сартова А.,  ҚазҰУ, Шығыстану факультетінің студенті


                      Шарыпқазы Н.,   ҚазҰУ, Шығыстану факультетінің оқытушысы


 

 

Рекомендовать
Последние новости