Шығыс Қазақстанда алғашқы жел электр станциясы іске қосылды

Dalanews 21 дек. 2021 16:55 2015

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында жел электр станциясы іске қосылды. Бұл осынау өңірдегі желден қуат алатын алғашқы станция. 

Жаңғызтөбе ауылында орналасқан жел генераторлары жылына 30 мегаватт электр қуатын өндіретін болады. Құрылғы экологиялық тұрғыдан таза, қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Осы арада өндірілетін электр қуаты күллі Қазақстанға таралады.

Жел электр станциясының ашылуы салтанаты Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.

Іс-шараға арнайы қатысқан Жарма ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин мұндай станцияның ашылуы еліміздің жасыл энергетикаға батыл қадам жасағанын білдіретінін айтты.

"Жасыл экономика, соның ішінде қуат өндірудің баламалы көздеріне көшетін кез келді. Бұл бағытта елімізде арнайы концепция қабылданған. Желден қуат өндіретін станцияның ашылуы осы бастамаға серпін берері анық", – деді әкім.

Айта кетелік, 2019 жылы дәл осы Жарма ауданында жылына 30 мегаватт электр қуатын өндіретін "Жаңғыз солар" күн электр станциясы ашылған. Бүгінде осынау станция өңірдің энергожүйесіне айтарлықтай үлес қосып отыр.

"Жаңа жел электр станциясын іске қосу арқылы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін бекіте түсеміз. Сонымен қатар осынау жоба аясында жаңа жұмыс орындары құрылатын болады", – деді өз кезегінде ШҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Мұстафин.

Аталған станцияның құрылысын жүргізген "Шар желі" ЖШС-ның басшысы Данияр Сейтеновтың атап өткеніндей Жаңғызтөбеде жел энергиясын көптеп өндіретін мүмкіндік мол, аталған өлкеде үнемі жел соғатындықтан генераторлар ұдайы жұмыс істейтін болады.

Инвестициялық жобаның құны - 7 млрд 400 млн теңгені құраған, құрылыс жұмыстары былтырғы жылы басталған еді.

Станцияны салу кезеңінде 50 адам жұмысқа қабылданған, құрылғы толық қолданысқа берілген тұста 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аудан басшының айтуынша алдағы уақытта станция қызметіне жауапты жұмысшылардың саны 20-ға дейін ұлғаяды.

Айта кетелік, еліміз 2050 жылға дейін қуат көзінің 50 пайыздан астамын жел және күн электр станцияларынан алуды көздеп отыр.

Рекомендовать
Последние новости