Шерзаттың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды — марқұмның отбасының адвокаттары мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 21 янв. 2025 17:50 1309

Шерзат Болаттың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаттары ресми түрде мәлімдеді.

“2025 жылдың 17 қаңтарында біз тергеу әрекеттерінің аяқталғаны туралы ресми хабарлама алдық. Бұл сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын білдіреді. Жұмысымыздағы маңызды кезеңдердің бірі артта қалды.

Енді келесі маңызды кезең – қылмыстық іс материалдарымен танысуды бастаймыз”, — деді Шерзаттың отбасының адвокаттары .

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті оның суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 10 желтоқсанда оның өліміне қатысты сараптама қорытындысы шықты.

"Сот-медициналық сараптаманың алдын ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті. Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.

Сарапшылармен анықталған дене жарақаттары, мысалы, странгуляциялық және мойынның абразиялары асылған жіпті қолданған кезінде пайда болатын жарақаттарға сәйкес келетінін көрсетті. Барлық белгілер суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты мұндай жағдайларға тән", - делінген хабарламада.

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.

Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.


Рекомендовать
Последние новости