Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғар оқиғасына қатысты жүріп жатқан тергеу туралы соңғы мәліметтерді бөлісті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Қойгелдиев күдіктілер ұсталып, айып тағылғанын атап өтті.
"15 қазанда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары және Алматы облысының прокуроры брифинг өткізді. Сол жерде тергеу барысы толық айтылды. Шерзаттың әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ. Үйдің өртенуіне қатысты да тергеу жүріп жатыр. Сараптама тағайындалды", - дейді бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Шерзаттың отбасына қатысты бірқатар даулы ақпарат тарауда. Соның ішінде қайғылы оқиға болар алдындағы видео да бар.
Видеодан суықты қаруды тек Шерзаттың әкесінің қолынан көруге болады. Қысқаша айтқанда, видео мазмұны атышулы "Нұрсұлтанның бұлбұлы" телеграм арнасында айтылғандай, аталған оқиға тұрмыстық жанжалдан шыққан және оны бірінші болып қайтыс болған жасөспірімнің әкесі мен өзі қозғаған дегенге саяды.
Бұл жағдайларға еш таң қалмайтынын айтқан Шерзаттың әкесі Қазақстанда әділ шешім шығатынына күмәнмен қарайтынын, сондықтан Президенттен, Ішкі істер министрінен отбасын Алматы қаласынан, Алматы облысынан аман-есен алып шығуға қолдау білдіруді сұрайды.
"Мен ақталайын деп тұрғаным жоқ. Қорқып та тұрғаным жоқ. Өйткені мен ешкімді өлтірген жоқпын, менің тарапымнан қан шықпады. Шыны керек, қайғы-қасіреттен шаршадым. Мен тек әділ сот болғанын қалаймын. Кінәм болса, мені кінәласын. Бауырымның кінәсі болса, оны да кінәласын. Бірақ, менің бір талабым - баламды өлтірген адамдар әділ жазасын алсын!", - дейді ол Тик-токта Президент мырзаға жолдаған соңғы үндеу видеосында.
Қаралы әке өзін қаралап жатқанына бек сенімді.
"Менің баламның жарақаттарын да жасырмақшы болды. Сондықтан мен ештеңеге таң қалмаймын қазір. Сондықтан митингі деген нәрсенің керегі жоқ. Мені, менің отбасымды қаралаудың қажеті жоқ. Егер менің баламды өлтірген адамдардың әкелері ер-азамат болса, менің алдыма келер еді. Тик-токқа, инстаграмға үлкен кісілерді шығарып қойып, үйге әйел адамдарды жіберіп қойып, қарап отырмас еді. Сонда мұндай дүрбелеңге бармайтын едік. Менің Президенттен, Ішкі істер министрінен сұрайтыным, отбасыма тыныштық беруін және отбасымды Алматы қаласынан, Алматы облысынан аман-есен алып шығып кетуіме қолдау білдірсе".
Сондай-ақ ол соттың созылатыны айдан анық екенін айтады. Қолындағы пышаққа да қатысты өз ойын айтты.
Мен қорқып-үркіп тұрғаным жоқ. Олар пышақпен келді, мен енді қалам, қағаз ұстап шықпаймын ғой ондайда. Олардан жалбарынып-жалынып сұрадым. Сол арада қолдарын еркекше беріп кетті. "Болды" деп. Артынан келіп істеп отырған тірліктері анау. Мен, Шерзат, Нұрқанат қана болды бізден. Біз қан төксек, жарайды, айыптап, қараласаңыздар болады. "Қан төкті бұлар, қан ішер" деп. Мен қан төккенім жоқ, қан төкпеймін де", - дейді ол.
Оның ойынша, мұның барлығы өзінің шындықты айтып қойғанынан болып жатыр.