Бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраров төңірегіндегі жанжалға қатысты тың дерек шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
21 тамызда Алматының Әуезов ауданы полиция басқармасына 1996 жылы туған қыз "өзін зорлағанын" айтып, арыз жазған еді. Кейін полиция қылмыстық іс қозғағанын растады, ал танымал боксшы Жанқош Тұраровтың өзі тағылған айыпты жоққа шығарды.
Арыздың түскеніне екі ай өтсе де, Жанқош Тұраров бостандықта жүр.
2024 жылғы 18 қазанда Tengri Sport тілшісі департаментке атышулы іске қатысты ресми сауал жолдады.
"Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы бойынша зорлау фактісі растамалды. 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы түпкілікті шешім шықты.
Әуезов аудандық прокуратурасы бұл шешіммен келісті", - деп жауап берді полиция.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров кәсіпқой рингте 2009 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол 28 жекпе-жек өткізіп, оның 20-сын нокаутпен жеңген.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде танымал қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров «қыз зорлады» деген ақпарат тарап кетті. Кейін мәселеге Алматы полициясы пікір білдіріп, Әуезов ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.