Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесінде жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Ажығалиева прокурорлар ұсынған кейбір дәлелдерге күмән келтіріп, бірқатар маңызды жайттарды алға тартты. Бұл туралы адвокат YouTube-тағы "Гиперборей" арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ажығалиеваның айтуынша, 29 мамырда мемлекеттік айыптаушылар қолындағы дәлелдерді көрсетіп болғаннан кейін, жәбірленуші тарап өз зерттеуін бастаған. Осы кезеңде адвокат прокурорлардың назарынан тыс қалған, жасырын тергеу әрекеттерінің жазбасын сот назарына ұсынған.
"Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – сотталушылардың камерадағы өзара әңгімесінің жазбасы, яғни ресми дәлел. Мен сот төрағасының рұқсатымен сол жазбаның стенограммасын жарияладым", – дейді Ажығалиева.
Адвокаттың сөзінше, бұл әңгіме сотталушылар Шынасыл Абзал мен Нұрқияс Ілиясов арасында болған.
"Әңгімеде Абзалдың Нұрқиясқа: "Сенің атқаның туралы ешқандай ақпарат жоқ қой!" дегені анық жазылған. Нұрқияс оған: "Мүмкін ұмытып кеткен шығар, сен бұл туралы ешкімге айтпа", – дейді. Бұл әңгіме маған күмәнді көрінді. Әңгіме қандай ату жайлы, оны кім және қашан жасаған, мұны жасырын ұстауға не себеп болды деген сұрақтар туындады", – дейді адвокат.
Ажығалиева прокурорлардың дәл осы стенограмманы сотқа ұсынбағанына таңданыс білдірді. Оның айтуынша, стенограмма сот материалдарында болғанымен, оның негізінде жазылған видеожазбаның өзі "диск зақымдалды" деген себеппен іске енбей қалған.
"Сот процесінде прокурор Ержан Құрақбаев дәлел болатын дискіні таба алмай, соңында дисктің зақымдалғанын хабарлады. Бірақ осы кезде прокурор Дана Сәрсенбай диск жоғалмағанын, тек істен алып тасталғанын айтты. Мен бұл жерде түсініксіз жағдай бар деп ойлаймын, өйткені екі прокурордың мәлімдемесі бір-біріне қайшы келді", – дейді Ажығалиева.
Адвокат бұл жағдайды тергеу ісінің өрескел кемшілігі деп бағалайды.
"Бұл дисктің түпнұсқасы негізгі ақпарат көзінде сақталғаны анық. Егер бір диск бүлінсе, неге бастапқы жазбадан екінші дискке қайта көшіріп, дәлел ретінде ұсынбаған? Егер бұл жазбаның сотта пайдаланылмайтыны алдын ала белгілі болса, стенограмманы тергеу хаттамасынан алып тастаулары керек еді. Ал стенограмма істе бар болғандықтан, мен оны жария еттім. Яғни, сот процесінде жасырын дерек ашылды", – дейді адвокат.
Ажығалиеваның пікірінше, судья Ержан Жанұзақов та бұл жайтқа бейжай қараған. Сот материалындағы маңызды құжаттардың бірінің түбіртегі де ішінара жоқ болып шыққан. Бірақ судья бұл мәселеге назар аудармаған.
Адвокат сотта маңызды рөл атқарған тағы бір дәлел ретінде көлік ішіндегі видеорегистратор жазбасын атап өтті.
"Бұл жазбада куәгер қыздардың оқиғадан кейін ешқандай шок жағдайында болмағаны анық көрінеді. Олар қалыпты жағдайда, күліп, болған жайтты талқылап отыр. Телефонмен сөйлескендері де анық жазылған. Ал сотта олар полицияға хабар бермегенін "бізде телефон болған жоқ" деп түсіндірген еді. Бұл видеожазба олардың куәліктерін түбегейлі жоққа шығарды", – дейді адвокат.
Осылайша, Ажығалиева бұл жазба сот отырысында маңызды дәлел болғанын жеткізді. Видеода сотталушылардың да, куәгерлердің де бірқатар сөзі теріске шыққан.
Сондай-ақ ол прокурорлар мен тергеу тобы өкілдерінің арасында да түсініксіз жайттар болғанын атап өтті.
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат қайтыс болды. Бұл қаза қоғамда үлкен наразылық туғызды. Марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындар әділ тергеуді талап етіп, наразылық шарасын ұйымдастырған еді. 12 қазан күні марқұмның отбасы тұрған үй қасақана өртелгені хабарланды. Кейін Бас прокуратура да өрттің әдейі ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасыға уақытша баспана мен күзет беріп, үйді қалпына келтіруге уәде етті.
Оқиғаға қатысты ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов кінәлілерді анықтау шараларын қолға алғандарын мәлімдеген еді. Талғарда қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Ұлттық ұлан жасақтары тартылды.
9 желтоқсан күні марқұм Шерзат Болаттың жанында болған әкесінің інісі өлі табылды. Полиция оның өзіне қол жұмсағанын хабарлады.
Ал 2025 жылдың 5 маусымында Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарды. Сот процесін судья Ержан Жанұзақов жүргізді.