ҚР Ұлттық Банкі тұрғындар тарапынан жиі түсіп жатқан өтініштерге байланысты ел аумағында қолма-қол шетел валютасымен айырба операцияларын жүзеге асыру тәртібін, соның ішінде банкноталарды айналымға жарамды деп тану қағидалары мен айырбастан негізсіз бас тартылған жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сонымен ақша айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес:
- тиісті эмитент-елдің аумағында заңды қолма-қол төлем құралы саналатын;
- эмитент елдің анықтамалық материалдарында көрсетілген толық сипаттамаға сәйкес келетін шетелдік валютадағы банкноталар заңды төлем құралы түрінде айналымға жарамды деп танылады.
Төлемге қабілетсіз және қолдануға жарамсыз шетел валютасының банкноталарын сатып алу және сату тәртібі
"Тиісті шет мемлекеттің эмитент-банкі айналымнан шығарған жағдайда, шетелдік валюта банкноталары — төлемге қабілетсіз, ал жыртылған, бүлінген және басқа да міні болса — жарамсыз деп танылады. Мұндай банкноталарды инкассалық операция жүргізуге шетелдік банктермен шарт жасасқан уәкілетті банктер ғана сатып алады және ауыстырады", делінген Ұлттық Банк хабарламасында.
Құзырлы орган мұндай операциялардың комиссиясы номиналды құнының 10%-нан аспауға тиіс екенін еске салады.
Бұл ретте клиент инкассо шарты көрсетілген жазбаша келісімге қол қояды және оған эмитент-банк (шетелдік банк) айырбастаудан бас тартуы мүмкін екені туралы ескретіледі.
Айналымға жарамды шетелдік валюта банкноталарын сатып алу және сату кезінде негізсіз бас тарту жағдайындағы іс-қимыл тәртібі
ҚР Ұлттық Банктің мәліметінше, егер айналымға жарамды болса, қолма-қол шетел валютасының номиналы мен шығару жылына шектеу болмайды.
Жеке тұлғаның қолында шетелдік және ұлттық валютада қажет сомасы болған жағдайда, айырбастау пункті мына жағдайларды есепке алмағанда, валюта айырбастаудан бас тартуға құқылы емес:
- КЖТҚҚ туралы заң талаптарында көзделген шаралар қолданылғанда;
- жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжат сервисі арқылы жеке басын растайтын деректі ұсынбағанда.
"Айырбастау операциясынан негізсіз бас тартылған жағдайда азаматтар айырбастау пункті орналасқан жердегі Ұлттық Банктің аумақтық филиалына шағым түсіруге құқылы. Шағымда бас тарту себебі толық көрсетіліп, заң талабына сай тиісті шара қабылдау үшін қолда бар құжат қоса берілгені жөн", деп нақтылайды реттеуші орган.