Шелекте жел-электр стансасы салынады

Dalanews 03 авг. 2019 10:42 1567

«Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстанның энергияға тапшы оңтүстік өңірінде, соның ішінде Алматы облысы аумағында жаңартылатын энергия көзінің нысанын салуда. Жобаны «Самұрық-Энергоның» еншілес компаниясы – «Энергия Семиречья» ЖШС іске асыруда. Келешекте 300 МВт-ға дейін кеңейтілетін, қуаты 60 МВт жел-электр станциясы (ЖЭС) Алматы облысының Шелек ауылында орналасады.

ЖЭС орналасқан өңір энергияға тапшы. Алматы ЖЭО-лары, Қапшағай және Алматы СЭС каскадтары, Есік СЭС-і, Мойнақ СЭС-і, Қаратал СЭС-і өңірдегі электр энергиясының негізгі көздері болып табылады.

Бүгінгі таңда өзінің қуат өндіру көздері болмағандықтан, Алматы облысының электр энергиясына деген қажеттілігін жергілікті қуат көздері 50%-ке ғана қанағаттандырады.

– Шелек дәлізінде жел-электр станциясын салу арқылы парник газдарын (СО2) шығару жылына 206 мың тоннаға азаяды, сондай-ақ жылына 89 мың тонна шартты отын ауыстырылады. Оның үстіне, жел-электр станциясы қоршаған ортаға әсер етпестен, электр энергиясының қорын толықтыруға мүмкіндік береді, – деді «Самұрық-Энерго» АҚ жобалау офисінің басшысы Ернұр Жиенбаев.

Нысанның құрылысы кезеңінде 300 жұмыс орны ашылып, станция іске қосылғаннан кейін тұрақты негіздегі 14 жұмыс орны пайда болады. ЖЭС жылына 225 750 мың кВтсэлектр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Жобаның аяқталу мерзімі – 2020 жыл.

Атап өтейік, станция жиынтық қуаты 60 МВт болатын 24 жел энергетикалық қондырғыдан, қосалқы станциядан және электр желілерінен  тұрады. Нысанның агрегаттары жел станциясын автоматты басқару жүйесіне негізделген аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы реттеледі. Бұл модельдің артықшылығы сол, оны суық континентальдық климат (–30…+43 С), 10 балдық сейсмикалық белсенділік және желдің екпіні II класс жағдайында пайдалануға болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Энерго» АҚ бұған дейін ЖЭК саласындағы 2 жобаны – Қапшағай қаласындағы 2 МВт Күн электр станциясын («Samruk-Green Energy» ЖШС) және Ерейментау қаласындағы 45 МВт жел-электр станциясын («БЖЭС» ЖШС) іске асырған болатын.

 

Рекомендовать
Последние новости