Жәрмеңкеледерден нәтиже бар ма?

Dalanews 14 авг. 2019 10:45 818

Жетісу жастарын жұмыспен қамтуда қандай ілгерілеу бар?

 Дәл қазір Алматы облысында 14-29  жас аралығындағы жастардың саны 408 адам.  Жалпы, ел көлемінде жастар қауымы ең жиі шоғырланған өңір – Жетісу.

 

Демек, бұл өңірде жастарды жұмыспен қамту көкейкесті мәселелердің бірі.

Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Жомарт Қаратасовтың айтуынша, қалада тұратын жастарға қарағанда, ауылда тұратын жастардың саны әлдеқайда басым.

Нақтылап айтсақ, Жетісудағы 408 мыңнан аса жас азаматтың 88 мыңы қалалық жерлерде, ал 319 мыңнан астам жас ауылда тұрады екен.

Тиісінше, оларды жұмыспен қамту мәселесі әрдайым күн тәртібінде тұратын тақырыптың бірі.

Ал бұл бағытта не істеліп жатыр? Жетісулық жастар екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүрген жоқ па?

Олардың талабы мен талғамы, білімі мен білігіне сай жұмыс орындары бар ма? Олар тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа алуға қаншалықты ынталы?

Жомарт Қаратасовтың айтуынша, жұмыссыз жастарға жұмыс тауып беру мақсатында басқарманың ұйытқы болуымен жәрмеңкелер үзбей өткізіліп келеді.

«Биылғы жылдың алғашқы 6 айында жастарды жұмыспен қамтуға жол ашатын 21 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіздік.

Оның үстіне, биыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Демек, жастар мәселесін шешуге қомақты қаржы бөлінеді. Жалпы, жыл басынан еліміздегі жастар саясатын сауатты іске асыру үшін 550 млн теңге қаржы бөлінді, әлі де бөлінеді. Бұл қаржының айтарлықтай бөлігі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталып жатқан жайы бар, – дейді ол.

 

Жәрмеңкенің нәтижесі бар ма?

Жарайды делік, жәрмеңкелер өткізіліп жатыр. Сол жәрмеңкелерден нәтиже бар ма? Соның негізінде жұмысқа орналасқан жастардың саны қанша?

Алматы облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасының дерегінше, жәрмеңкелер әншейін есеп беру мақсатында өткізілмейді.

Биылғы жылдың 6 айында әлгіндей жәрмеңкелерге 3 мыңнан аса жастар арнайы келіп, өз ұсыныстарын қалдырған. Соның нәтижесін жұмыссыз жүрген 703 жас азаматқа жолдама беріліп, 301 адам жұмысқа орналасқан.

«Жәрмеңкеге қатысқанмен, жұмысқа орналаса алмаған жастарды санаттан шығарып тастамаймыз. Олар әрдайым біздің қаперімізде жүреді. Осы мақсатты жыл басында жұмыссыз жастарды тіркейтін арнайы база әзірледік. Осы күнге дейін базаға 253 жас тіркеліп, 112 жас жұмысқа орналасыпты, оның ішінде 52 жас жастар тәжірибесі арқылы жұмыс тапқан», – дейді бұл орайда облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы.

Басқарма дерегіне қарағанда, өңірде «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары да бір ізге түскен.

Бұған дәлел, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында барлығы 694 маманға 244 238,7 мың теңге көтерме жәрдемақы және 409 жасқа 1 528 558,2 мың теңге несие берілген.

Бұл өз кезегінде өңірдің аудан-ауылдарына қызмет етуге келген жас мамандардың үй мәселесінің шешілуіне оң ықпал етіп отыр.

«Қоғамның белсенді мүшесі әрі қозғаушы күші болып отырған жастардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси бағыттағы мәселелерін уақытылы шешу арқылы біз жалпы мемлекеттің дамуына игі әсер ете аламыз», – дейді Жомарт Қаратасов.

Рекомендовать
Последние новости