«Бірге – Таза Қазақстан» акциясы. Шараға Жетісудан 48 мың адам қатысты

Dalanews 02 авг. 2019 10:34 1025

#Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы Алматы облысында жалғасты. Облыстың барлық 20 аудан, қаласында жаппай өткен шараға 48 мыңнан астам жетісулық қатысты. Атап айтсақ, Қапшағай қаласындағы тазалық шарасына 3 жарым мыңдай тұрғын атсалысқан. Шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Серікжан Бескемпіров қатысып, жұртшылықты тазалықты сақтауға үндеді.

– Елімізде Үкімет басшысы Асқар Маминнің қолдауымен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бастауымен Қазақстан бойынша жүріп жатқан акцияға бүгін барша жетісулықтар да өз үлестерін қосып отыр. Елім, жерім деген әр азамат өз туған жерінің тағдырына, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауы тиіс. Бүгінгі игілігі мол істің нәтижесінде айналамыз тазарып, елдің табиғат аясында еркін тынығуына жағдай жасалатын болады. Ісімізге сәттілік тілеймін! – деді С.Бескемпіров.

Акцияның ресми ашылуында облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов, Қапшағай қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Амангелді Бесбаев, жастар атынан Нарық Қимадиев сөз сөйлеп, барша азаматтарды табиғат тазалығы шарасын бірге атқарысуға шақырды.

Қапшағай қаласы және жалпы өңірі бойынша барлық мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар, білім беру саласы, түрлі кооперативтер, ерікті жастар, жалпы қала тұрғындары белсенділік танытты.

Табиғат жанашырлары іске жұмылдырылған 26 техниканың көмегімен қаладағы барлық көше бойларын, ғимараттар аумақтарын, орталық бульварды, шағын аудандарды, жалпы аумағы 40 шақырым болатын 7 жағажайды, жалпы 220 гектар құрайтын аумақты тазалап, 50 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.

Табиғат қорғау саласы мамандарының айтуынша, балық аулаудың тыйым салынған құралдарын пайдаланып, оны суға қалдырып кететіндер де бар екен. Бұл бір рет пайдаланатын торлар суда жатып шіріп, оған балықтар шырмалып қалып, ақыры шіріп табиғатқа орасан зор зиян келтіреді. Осындай зиянды құралдарды су ішінен алып шығуға жағажайлардағы 5 катер көп көмектесуде.

Акцияға қатысушылар арасында ардагерлер де болды. Қапшағай қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Амангелді Бесбаев:

– Бүгін акция өтетінін естіп, үйде қарап жата алмадық. Табиғат тазалығына әрқайсымыз да атсалысуымыз керек. Біз келешек ұрпаққа жерімізді таза қалпында табыстауға тиіспіз. Және біз өз белсенділігімізбен жастарға үлгі көрсетсек дейміз. Бүгінгі акцияға жастардың көптеп жиналғаны бізді қуантады, – деп пікір білдірді.

Осындай экологиялық шара туристердің сүйікті орындарына айналған Алакөл, Балқаш көлдерінің жағалауларын, өзендердің бойларын, жалпы көпшілік демалатын орындарды қамтыды. Мәселен, Алакөл ауданында акцияға 11 мыңнан астам адам тартылса, соның 3 жарым мыңы көл жағалауына жұмылдырылған.

Атап өтсек, Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша Алматы облысында жалпы 1317 гектар аумақ тазаланып, 612 тонна ТҚҚ шығарылды.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости