«Оңтүстік» аймағынан (Шымкент, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары) 38 шахматшы «Senat Open» II Ашық кубогының финалына жолдама алды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
2025 жылғы 25 маусымда Түркістан қаласында турнирдің бес жартылай финалының алғашқысы аяқталды. Жарысқа 129 үздік ойыншы қатысты: Шымкенттен – 29, Жамбыл облысынан – 32, Қызылорда облысынан – 34 және Түркістан облысынан – 34 қатысушы. Турнир жеңімпазы – Қызылорда облысынан 68 жастағы Юрий Егай болды. Ол жалпы 9 ұпайдың 8-ін жинады. Екінші орынды 7,5 ұпаймен Түркістан облысынан 41 жастағы Серік Қыдырбаев иеленді. Үшінші орынды 7,5 ұпаймен Қызылорда облысынан 75 жастағы Барат Жетпісбаев алды. Қыдырбаев Бухгольц коэффициенті бойынша Жетпісбаевтан озып кетті. Тағы жеті ойыншы 7 ұпайдан жинады.
Турнир салтанатты ашылу рәсімінен басталды. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тлеумбетов шахмат спортының дамуына қосқан үлесі үшін KazChess ұйымының «II дәрежелі үздік белгісімен» марапатталды. Осыдан кейін ойын басталды.
Төртінші турдан кейін алты ойыншының есебінде төрт жеңістен болды. Бесінші турда көш басында екі ойыншы қалды: Түркістан облысынан Серік Қыдырбаев пен Шымкенттен Асылбек Түйетаев. Алтыншы турда Қызылорда облысынан Эдуард Пак пен Юрий Егай оларға теңесті. Жетінші турдан кейін Егай мен Қыдырбаев 6,5 ұпаймен алға шықты. Оларды 6 ұпаймен Тлектес Тайқара, Барат Жетпісбаев және Сапар Тәжидинов қуып жетіп келе жатты. Соңғы турда Егай Жетпісбаевпен тең ойнап, көшбасшылықты сақтап қалды. Қыдырбаев Жамбыл облысынан Жәнібек Қоғабаевты жеңді. Тайғара мен Түйетаев өзара тең түсті.
Жеке біріншілікпен қатар, келесі алты номинация бойынша марапаттар табысталды:
- Ардагерлер: Юрий Егай, Қызылорда облысы, 1-ші орын;
- Әйелдер: Гүлзая Құрманбаева, Қызылорда облысы, 81-ші орын;
- Депутаттар мен мәслихат қызметкерлері: Жүнісбек Серіков, Жамбыл облысы, 29-шы орын;
- Мемлекеттік қызметшілер: Сапар Тәжидинов, Шымкент, 6-шы орын;
- Қоғамдық кеңес мүшелері: Серік Қыдырбаев, Түркістан облысы, 5-ші орын;
- БАҚ өкілдері: Асылбек Түйетаев, Шымкент, 4-ші орын.
«Оңтүстік» аймағынан финалға 38 шахматшы жолдама алды: Түркістан облысынан – 13, Шымкенттен – 10, Жамбыл облысынан – 8, Қызылорда облысынан – 7.
«Senat Open» турнирі алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылып, 2000-нан астам шахмат әуесқойын жинаған болатын. Бұл турнир идеясының авторы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ал оны Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қолдады.
2025 жылы турнир екінші рет өтуде. Жүйе өзгерген жоқ: 20 іріктеу кезеңі – 21 ақпаннан 27 мамырға дейін, 5 жартылай финал – 25 маусым мен 9 тамыз аралығында.
Финал – 29 тамыз күні Астана қаласында өтеді.
«Senat Open» турниріне 2025 жылғы 1 қаңтардағы рейтингі 2000-нан төмен шахматшылар ғана қатыса алады. Жарыс швейцар жүйесі бойынша 9 турдан тұрады, уақытты бақылау 10 минут + әр жүріске 5 секунд форматында өтеді.
Іріктеу турларына 2100-ден астам адам қатысқан. Ардагерлер арасындағы жарыстарды қоса есептегенде, қатысушылардың жалпы саны 3000 адамнан асты.
Түркістанда өткен «Senat Open» турнирінің алғашқы жартылай финалы бәсекелестіктің жоғары деңгейін көрсетті. Бұл турнир Қазақстандағы шахматтың танымалдығын арттырып, мыңдаған әуесқойларды біріктіріп отыр.