Семейде қабырғасы бұзылған ескі көпес үйін тарихи құндылыққа жатқызуға бола ма?

Dalanews 17 июн. 2021 17:51 924

Семей қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бұрынғы көпестің үйін рұқсатсыз бұзу фактісі бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жолдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында тарихи маңыздылығы мен сақталу дәрежесін анықтау мақсатында тарихи-мәдени сараптамадан өтіп жатқан бұрынғы көпес үйінің қабырғасы рұқсатсыз бұзылған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ғимарат иесі оның жанынан сауда үйін салған еді. Ал оның орнына тұрғын үй салу үшін бұрынғы көпес үйін бұзып тастауды жоспарлаған болатын.

Семейге жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кәсіпкермен кездесіп, онымен әңгімелесу барысында билік құрылысты бастапқы қалыпына келтіруге қаржы бөлуге ниетті екенін айтты. Сондай-ақ, ол жергілікті атқарушы органдар ғимараттың тарихи құндылығын растау үшін қажетті құжаттарды дайындағанын атап өтті.

ШҚО Мәдениет басқармасының ақпараты бойынша, ескі ғимаратқа жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру процесі қолға алынған, сондықтан оның иесі ғимараттың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.

– Ғимарат тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне әлі енген жоқ. Алайда биыл 9 маусым күні тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында оған жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру мәселесі қаралды, – дейді ШҚО Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова.

Оның айтуынша, 9 маусымнан бастап көпес үйінің қазіргі иесі оның сақталуын қамтамасыз етуі керек. Ал ол болса ғимарат қабырғаларының бірін бұзуға жол берген. Аталған факт бойынша Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі құқық қорғау органдарына жүгінді. Егер ғимаратты иесінің өзі бұзғаны анықталса, оған қатысты қылмыстық іс қозғалады.

Рекомендовать
Последние новости