Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылы етті мал өсіруден алдыңғы қатарда тұр

Dalanews 03 нояб. 2018 11:58 1282

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Қарабұлақ» ауылы Республикамыздағы етті мал өсіру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қарабұлақтық шарулар бүгінде өз өнімдерін еліміздің ірі қалаларынан бөлек, Өзбекстан еліне де ірі көлемде саудалап жатыр.

Қарашаның алғашқы жұлдызында мал шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді үйрену үшін бір топ мақтааралдықтар «Қарабұлаққа» іс-сапармен барды. Ауданымыздың әр округінен жиналған шаруаларды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов пен осы бөлімнің бас маманы Талғат Каленов бастап жүрді.

Бұл іс-сапарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Түркістан облысы бойынша өкілі Тұрсынбай Бердалиев себепкер болған. Ол мақтааралдық шаруаларға қарабұлақтықтардың тәжірибелері туралы құнды деректер айтып, осындай ірі мал шаруашылығын Мақтааралда құруға шақырды.


Мақтааралдық шаруалар жеке кәсіпкерлер Алимжан мен Бахтияр Шадықұловтарға тиесілі «Шош» шаруақожалығындағы ірі қараны бордақылау кешенінде болды. Аумағы 70 соттық жерді құрайтын бұл кешенде ірі қараны бордақылауға қажетті барлық жағдайлар жасалыныпты. Мұнда бүгінде 200-ден астам өгіз бордақыланған. Сонымен қатар, сәуір айынан қара күзге дейін жылқы малы да бордақыланатыны белгілі болды.

Мақтааралдық шаруалардың мал бордақылауға қатысты қойған сұрақтарына кешен иелерінен бөлек, «Қарабұлақ» ауылдық округінің мал дәрігері Бабур есімді азамат жан-жақты жауап берді. Бүгінде кәсіпкерлер Алимжан мен Бахтияр ірі қаралардың етін Жамбыл облысы, Алматы қаласы мен Өзбекстан Республикасына базардағы нарықтан 50-100 теңгеге арзанға саудалап жатқанын, сондай-ақ жергілікті ет сою орындары да өнімін жоғары бағамен сатып алатынын айтты. Сондықтан, олар өз өнімдерін өткізуден ешқандай қиыншылық көрмейді екен.

Кешен құрылысымен және малдарды бағылу жайымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауаптар алған мақтааралдық шаруалар осы шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, олар алған тәжірибелерін пайдаланып, ірі мал шаруашылығын құруды жоспарлап жүргендерін айтты.

Рекомендовать
Последние новости