Сайрам ауданында биыл ауыл шаруашылығы өнім көлемі 100 млрд теңгеге жетпек

Dalanews 26 июл. 2021 04:14 990

Сайрам ауданында биылғы жылдың 6 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 62 млрд теңгеге жетсе, оның 48%-ы ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында 30 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылға қарағанда 1,5 млрд теңгеге артқан. Биыл ауданда жалпы ауыл шаруашылығы өнім көлемін 100 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл туралы аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков брифингте мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Ауданда жаңадан 101 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, жалпы көлемі 601 гектарға жеткен. Жылыжайлардың жалпы көлемі 52 гектарды құраса, қарқынды бау 20 га жерге егіліп, көлемі 500 гектарға жуықтаған.

«Биылғы жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласында 4 жаңа жоба іске қосылады. Олар: Қайнарбұлақ ауыл округіндегі "Нұр Агро" ЖШС-ң 1,5 гектарлық жылыжай кешені, жобаның жалпы құны - 1 млрд теңге. Сондай-ақ, "Көмешбалық" ЖШС-ң жылына 900 тонна балық өнімін өндіретін шабақ өсіру жобасы. Жобаның құны - 50 млн теңге. Сонымен қатар, Көлкент ауыл округіндегі "Food production LTD" ЖШС-ң 29 гектарлық қарқынды бау кешені, жоба құны - 400 млн теңге. Төртінші, Манкент ауыл округіндегі "Туран Агро Ет-Сүт" өндірістік кооперативінің - сүтті қайта өңдеу цехы, жоба құны 100 млн теңге.  Жобаларды іске асыру барысында қосымша 6 млрд-тан астам теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, жаңадан 380 жұмыс орны ашылады», - деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Ауданда барлық шаруашылықтарда мал басы көбейген. Алты айда ет өндірісі 9,3%-ға, сүт – 5%-ға, жұмыртқа – 5,5%-ға артып отыр. Жыл басынан аудан кәсіпкерлері алыс-жақын шетелдерге жалпы көлемі  9 250 тонна ет экспорттаған, бұл былтырғы жылға қарағанда 4,5 мың тоннаға артық. Жалпы, ауданда жылдан-жылға мал бордақылау алаңдары артып келеді. Мәселен, қазірдің өзінде аудандағы 1 012 мал бордақылау алаңдары бір мезетте 42 мың бас малды бордақылауға қауқарлы.

Рекомендовать
Последние новости