Саясаттанушы Шораевтың қамалуына қатысты пікір білдірді

Dalanews 18 апр. 2020 18:21 916

Саясаттанушы Досым Сәтпаев қамауға алынған қоғам белсенділері Әлнұр Ильяшев пен Арман Шораевқа қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz. 


"Әлгі әлдекімдер айтып жүрген, көпшілігі күмәнсіз сенген "жылымығы" осы ма? Былтырдан бер бұл "жылымықтың" алдамшы екенін, ескі әміршіл-әкімшіл жүйе сол қалпында қалғанын қайталаумен келемін", – дейді ол.


Сәтпаевтың пікірінше Әлнұр Ильяшев пен Арман Шораевтың құрықталуы -  билік басында отырған ат төбеліндей топтың елге ескерту жасағаны деп түсіну қажет.

"Билікте "халық үніне құлақ асатын" елгезек азаматтар жоқ. Керісінше жазалауды ғана білетіндер қарапайым халықты билеп-төстеп, басып-жаншып отыр.


Әлнұрды неге құрықтады десеңіз, ол өзінің Конститутциялық құқын белсенді түрде қорғауға көшті. Соның нәтижесінде бірте-бірте жаңа форматтағы саяси қайраткерге айнала бастады. Бұл биліктің мазасын қашырып, күндік күлкі, түнде ұйқыдан айырды.


Арман соңғы кезде қазіргі саяси жүйені оңдырмай сынаумен болды. Биліктің жекелеген өкілдері мен олигархтарға қырғидай тиіп, өзінің соңғы сұхбатында "Қазақстанның бар байлығы аздаған адамның қолында шоғырланғанын" ашып айтты. Оны төтенше жағдай тұсында көпе-көрнеу жалған мәлімет таратты деп қамап тастады", – дейді саясаттанушы.


Сәтпаевтың топшылауынша биліктің коронавирус пен карантинді пайдаланып саяси оппоненттерін тұншықтыруға кіріскен сыңайы бар.


"Бұл азаматтар мемлекеттен көк тиын ұрлаған жоқ, ешкімге қауіп төндірмеді. Олар террорист, жемқор не болмаса қылмыскер емес", – деп жазды Сәтпаев желідегі парақшасында.


Олар билікке қатысты көптің көкейінде жүрген дүниені ашық айтқаны үшін жазаланды дейді.


Айта кетелік бүгін қоғам белсендісі, журналист, Ұлттық кеңестің экс-мүшесі Арман Шораев қамауға алынды.


Алматы қалалық полиция басқармасының хабарлауынша бұған Шораевтың төтенше жағдай кезінде мақсатты түрде жалған ақпарат таратуы себеп болған. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабы, 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.



Толығырақ:


https://dalanews.kz/52374




Рекомендовать
Последние новости