Сарапшылар: Туризм мен дипломатияны қатар дамыту қажет

Dalanews 10 нояб. 2016 10:20 793

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында бас қосқан сарапшылар мен саясаттанушы мамандар «Мәдени-туристік дипломатия: диалог арқылы даму және әріптестік» атты тақырыпты талқыға салды.

Шараның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, туризмді дамыту үшін Еуразиялық одаққа біріккен мемлекеттерге ортақ туристік кеңістік құру қажет. "Бұл аталған саланы бірігіп дамытуға мүмкіндік береді" деді ол.

Ал Қазақстан туризмінің еңбек сіңірген қызметкері Жұмат Мәрденовтың айтуынша, Қазақстанға экстремалды туризмді дамытқан аса қолайлы болар еді. "Бұған сай орындар жетіп артылады. Бір ғана Бурабай мен Баянауылдың өзі неге тұрады. Әрине, туристер ол жерге жайдан жай келе салмайды. Олар өзінің қауіпсіз боларын сезінулері керек" деді ол.

Өз кезегінде саясаттанушы Әділ Кәукенов: "Туристерден табыс тапқымыз келсе оларға құрметпен қарауды үйренуіміз қажет. Себебі, ол турист біздің елге қайтып келетіндей болуы керек...

Сосын біз өзімізше болып Қазақстанды Еуропаға мойындатқымыз келеді. Туризм десе бірден еуропалықтарды шақыру қажет деп ойлаймыз. Бірақ, ол халықтың түсінігі басқа. Оларды теңіздің жағасында демалып жатқанды қош көреді. Ал өкінішке орай Орталық Азияда олардың талаптарына сай келетін жағажайлар атымен жоқ. Сосын біздің жаз ыстық. Еуропалықтың нәзік терісін күйдіріп жібереді" деген пікір білдірді.

Ал жиынның шымылдығын жапқан сарапшы Марат Шибұтов өз сөзінде: "Қазақстан туризмді дамытамын десе алыстан арбаламауы керек. Бізге жақыннан дорбалаған маңызды. Мынаны түсініңіздер бізге ешқашан да Нью Йорктің тұрғындары келмейді. Бізге көршілермен жұмыс істеу маңызды" деді

Рекомендовать
Последние новости