ҚР Үкіметі "Самұрық-Қазына" қорының дивиденд саясатына өзгеріс енгізді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылы 3 маусымда қол қойған. Оған сәйкес, Үкімет "Самұрық-Қазына" мемлекеттік холдингі төлеуге міндетті жыл сайынғы дивидендтердің ең төменгі мөлшерін жою туралы шешім қабылдап отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл қордың дивиденттер төлеу талаптары жеңілдетілгенін білдіреді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет Қаулысында атап көрсетілгендей, енді дивидендтерді есептеу кезінде қордың жалғыз акционері мақұлдаған жобаларды қаржыландыру көлемі ескеріледі.
Қордың Директорлар кеңесі жалғыз акционерге қордың шоғырландырылған таза кірісін бөлу тәртібі және бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері туралы ұсыныс ұсынады.
Есепті кезеңде жалғыз акционердің шешімдеріне сәйкес, "Самұрық-Қазынаның" жүйеқұрушы компанияларының тізімін қордың директорлар кеңесі анықтайтыны және есепті кезеңде қор жобаларын қаржыландыру көлемін ескере отырып, еншілес ұйымдардан алынған дивидендтердің кемінде 50 пайызы мемлекетке төленуге тиіс.
Жалғыз акционердің пайдасына дивидендтер сомасын есептеу кезінде акциялары (қатысу үлестері) қорға тиесілі заңды тұлғалардан оған қор тобының активтерін бәсекелестік ортаға беру жөніндегі мәмілелер нәтижесінде төленген және Ұлттық қорға жіберілген дивидендтер есепке алынбайды.
Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры енді үкіметке жыл сайын кемінде 25 миллиард теңге көлемінде дивиденд төлеуге міндетті емес.
Осылайша құжатта бірқатар өзгерістер енгізіліп, бұған дейін күшінде болған 9 және 11-тармақтар алынып тасталды.
Атап айтқанда, бұрынғы 9-тармақта есепті жылдың қорытындысы бойынша жалғыз акционерге төленуге тиіс дивидендтің ең төменгі мөлшері ретінде 25 млрд теңге көрсетілген болатын. Ал бұл тармақтың күшін жоюы енді мемлекеттік қордың дивидендтердің белгіленген шекті сомасы бойынша төлем жасау міндеттемесіне сүйенбейтінін білдіреді.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Айта кетсек, қордың жалғыз акционері Қазақстан Үкіметі болып табылады. 2024 жылы "Самұрық-Қазына" қоры Үкіметке 2023 жылғы пайда есебінен 158 млрд теңге дивиденд төледі. Бұған қоса, маусым айында қор 2022 жылғы бөлінбеген табыстан 63,5 млрд теңге, сәуір айында 100 млрд теңге, ал 2023 жылдың соңында 238 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі. Ал 2024 жылғы 20 қарашада "Самұрық-Қазына" қоры мемлекетке жалпы сомасы 1,3 трлн теңге көлемінде қаржы аударғанын хабарлады. Бұл соманың ішінде 579 млрд теңге республикалық бюджетке төленген дивидендтерді құраған. Мұндағы сомаға тек қана Қордың емес, оған қарасты еншілес ұйымдардың да дивидендтері кіреді.
Бұған дейін сайтымызда "Оңбай сынға ұшырап жатқан "Самұрық-Қазына" ақыры үн қатты" деген материал жарияланған болатын.