Садырбай ісі тереңдей түсті: Бас прокуратура түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 04 июн. 2025 18:56

"Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайға қатысты қылмыстық іс не себепті Қаржылық мониторинг агенттігінен арнайы прокурорлар қарауына өткенін Бас прокуратура түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

"Қазіргі таңда А. Садырбай ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты тергеу изоляторында күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен қамауға алынған", - деп жазылған жауапта.

Айта кету керек, бұл тармақ осы баптың алғашқы 3 бөлігінде көрсетілген қылмыстарды аса ірі мөлшерде жасаған жағдайда қолданылады. Оның ішінде мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген тұлға ретінде адамдар тобымен сөз байласа отырып, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы мемлекеттік сатып алу саласында екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет жасалған алаяқтық жолмен бөтеннің мүлкін жымқыру немесе бөтен мүлікке құқықты иемдену әрекеттері бар. Күдіктіні сот кінәлі деп таныса, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан, өмір бойына белгілі бір қызметтермен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, былтыр 6 қарашада Садырбай өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген.

Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу.

"Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.

Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған", - деп хабарлады бұған дейін ҚМА.

Кейін Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамаққа алынды.

Ал ұсталғанынан екі апта бұрын Алмасбек Садырбаев Арман Абдоллаға сұхбат берген. Садырбаев өз сұхбатында елдегі нан бағасының қымбат екенін айтып, оның шын бағасы 50 теңге болуы керегін де айтты. 

Сондай-ақ, Қазақстанда қашан ашаршылық болатынын да болжаған.


Рекомендовать
Последние новости