Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) Талдау орталығы қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізген кезекті сауалнама нәтижелерін жариялады. Онда, негізінен, 2025 жылғы маусымдағы макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты болжамдар берілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Базалық мөлшерлеме
Айлық инфляция көрсеткіштерінің үш ай қатарынан баяулауының тіркелуіне байланысты сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 79%-ы Ұлттық банк 5 маусымда өтетін алдағы отырысында базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деп күтеді.
Нарықтың қалған қатысушылары шамалы өсімге жол береді: 16,75% дейін. Мұны олар 2025 жылы инфляцияны 10-12% мақсатты диапазон шегінде ұстау, сондай-ақ ұлттық валюта бағамын одан әрі тұрақтандыру тұрғысында ақша-несие саясатын қатаңдату талабының туындау ықтималдылығымен түсіндіреді.
Инфляция
Сауалнама нәтижесі бойынша, мамырда 12 айға арналған инфляциялық күтулер бір ай бұрынғы болжамды 11,8%-дан 11,1% - ға дейін төмендеді.
"Бұл, көбінесе біртіндеп баяулап келе жатқан нақты инфляция, валюта нарығының салыстырмалы түрде тұрақтануы және біржолғы тарифтік шешімдер тарапынан болған қысымның төмендеуімен байланыстырылады", - дейді қауымдастықтағылар.
Базалық мөлшерлемеге байланысты инфляциялық күтулерді қайта қарастыруға байланысты бір жылдан кейінгі деңгей бұрынғы 15,75% - дан 15,5% - ға дейін төмендетіле отырып, түзетілді. Осы жағынан алғанда, экономикадағы нақты мөлшерлеме 4,4% (бұрын - 3,95%) болуы мүмкін, бұл теңге түріндегі активтердің тартымдылығын арттыра түсері сөзсіз.
Валюта бағамы
"Мамыр айында аздап төмендеуден кейін (0,3% - ға) маусымда теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларының құны 516,3 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл ретте Ұлттық қордан алынып, сатылатын шетел валюталары көлемінің төмендеуі, салық кезеңі тарапынан қолдаудың болмауы, жыл ортасындағы дәстүрге сай белсенді демалыс маусымы және бюджет қаражатын игеруді жеделдету шетел валютасына деген сұранысты күшейтеді", - дейді сарапшылар.
Ал бір жылдан кейін 1 АҚШ доллары бойынша күтілетін бағам 539,7 теңге болуы мүмкін.
Оған,негізінен, мұнай бағасының жоғарылау ықтималдылығы, инфляциялық күтулер көрсеткішінің төмендеуі ықпал етпек.
Мұнай
Бір жылдан кейін күтілетін Brent мұнайының бір баррелінің орташа бағасы 65,4 долларды (бұрынғы болжам - 64,9) құрайды. Бұған АҚШ-тағы бұрғылау белсенділігінің баяулауы, Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси жағдай, Украинадағы соғысты реттеуде оң нәтиженің болмауы түрткі екені айтылады.
Экономикалық өсім
Бір жылдан кейін еліміздің ЖІӨ өсімі 4,1%-ды (3,9% - бұрынғы болжам) құрайды деп болжанады. Бұл ретте экономиканы жеңілдетілген қаржыландыруды ұлғайту арқылы ауқымды көлемде қолдау жоспары, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және елімізде шикізат өндірісі көлемін ұлғайту маңызды рөл атқармақ.