Прокуратура органдарының ардагері Хатиша Жұмағұлова Шерзат ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшы Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында басты айыпталушыға неліктен 23 жыл сұралғанын айтты. Прокурор басты күдікті Абзал Шынасылға 23 жыл сұрады. Сарапшы айыптаушылардың ұстанымына сәйкес дәл осы Абзал Шынасыл Шерзатқа пышақ жарақатын салғанын мәлімдеді.
"Бұл дерек негізсіз емес: ол сот-медициналық сараптама нәтижелеріне, жәбірленушілердің айғақтарына, сондай-ақ, ең бастысы айыпталушының сотқа дейін берген өз мойындауларына сүйеніп жасалған. Яғни біз кездейсоқтық туралы емес, жасөспірімнің өліміне әкеп соққан саналы әрекет туралы айтып отырмыз. Сонымен қатар, кісі өлтіруден бөлек, Шынасылға қару-жарақпен жасалған бұзақылыққа қатысу, сондай-ақ, екінші жәбірленуші, яғни Шерзаттың ағасы Ғайыпбаевты өлтіруге оқталды деген айып тағылды".
Хатиша Жұмағұлова Абзал Шынасылға бірден қылмыстың үш санаты бойынша айып тағылғанын айтты.
"Қылмыстық кодекске сәйкес бірнеше қылмыс құрамы болған жағдайда сот олардың әрқайсы үшін жазаны ішінара қосуға құқылы. Бұл жағдайда осындай тәсіл қолданылады. Прокурор 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жазаны анықтау кезінде жасалған іс-әрекет қана емес, айыпталушының жеке басы, оның мінез-құлқы, мас күйде қылмыс жасағаны, сотта өкінбегені ескеріледі. Осы факторлардың жиынтығына сүйене отырып, прокурор дәл осындай мерзімді сұрады. Менің ойымша, заңды әрі әділ", - деді сарапшы.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.