Рингельман эффектісі

Dalanews 14 нояб. 2016 16:51 1005

"Қала мен Дала" газетінің Ә. Бөкейхан атындағы сыйлығына ұсынылған мақала

 

Осыдан  бірер  ай  бұрын  «Ескендір  синдромы»  деген  атпен  бірнеше тақырыпты  қамтыған  мақала   жазған  едік.  Мына  дүниелерді  соның циклдік  жалғасы  деп  қабылдаңыз,  құрметті  оқырман  қауым.  

 

«Көзімнің қарасы»

  (герменевтикалық талдау)

 Бала –  жаныңды  жалғанмен  байланыстырып  тұрған  бейне  бір  көпір іспетті. Өмірде  жіберген  есең  мен  әнтек  басқан   әттегенайларыңның    қарымтасын   тек   ұрпағыңмен   ғана   түгендей   аласың.   Ендеше  бала атаулыны    әке  мұратының   жас   тәнге   алмасқан   жаңа   бір  мүмкіндігі  десек  те  болғандай.   Қытайдың  көне  бір  мақалы  да  осы  ойымыздың   ондығына   дөп  келеді.  «Бала  әкеден  қанша  жас  кіші  болса,   сонша  жас   үлкен»  пәлсапасының   астарында   келер  мезгіл   мұрагерінің    кім  екендігін   мойындаған   әділ   бітімгершілік  жатыр.

Баз   біреулер  үшін   бала   бел  қызығының   құрбаны,   я  болмаса   ерлі-зайыпты   екеудің   төсеки   алқынысынан   пайда  бола  салған   тіршілік  иесі   ғана.  Мұндай  тасыр  түсініктің  төңірегінен   «жауапкершілік»   туралы   ой   іздеудің  де   қажеті  бола  қоймас.

[caption id="attachment_21467" align="alignright" width="286"]1e317af4913903d472db186ca8e89557 Абай портреті[/caption]

Міне,  алдымда  қос  парағы   айқара   ашылып  Франц  Кафканың   кітабы  жатыр.  Жазушының  «Әкеге  хат»  деп  аталатын  осы бір   туындысындағы    әке  мен  бала  арасындағы  қатынасты  оқып  отырып    жон  арқаң  мұздап  сала  береді.  Әрине,   мұндағы   қатыгездік    төркіні   өзге   тақырыпқа   жүк.  Біздің  жазбағымыз    керісінше,    мейірім   мен  сүйіспеншілік   мәселесі.     Әлем  әдебиетінде  әке  мен  бала  арасындағы  махаббатты   Абайдай   иін қандырып  жазған   ақын   некен-саяқ.     Мұндай   ғажайып   ғазалға   балама   болуға  жарайтын  бірден-бір   шығарма  көне   дәуірдегі   испан  ақыны  Хорхе  Манрикенің  «Әке  өліміне  арнау»  атты  туындысы  деген   болар  едік.   Поэманың  қысқаша  ғана  мазмұны   мынаған   саяды.  Өмірді  өзенге  теңеген  ақын  «өлім   атаулы   сол  өзенді  өзіне  тартқан   түпсіз  теңіз  секілді,  бәріміз  де  ағып  келіп  соған  құямыз»  дейді.   Әкесі  дон  Родригені  жоқтап   омырауын   жасқа   бояған   шайыр   әке   даңқын  аспандата   жырлап,   оның   батырлығы  мен  білгірлігін   Юлий  Цезарьге,  ал  шыншылдығы  мен  шешендігін  Цицеронға  теңейді.  Өлімді   өнер  дәргейінде   қабылдауға   үйреткен    осы   бір    поэманың   негізгі   өзегінде  қурай   үніндей   уілдеп   бір  сарын  естіліп  тұрады.  Осы  сарын   Абайдың  әкесі  Құнанбай  мен  бауыры  Оспанды  жоқтағандағы   зарына  қатты  ұқсайды  ( Бір  қызығы,  хакімнің  Құнанбайды   Шыңғыс хан  мен  Ескендірге,  Оспанды  Платон  мен  Сократқа  теңеген  жолдары   Хорхе   өлеңінің   бейне  бір   жалғасы  секілді).  Қос  шығарманы  өзара   жымдастырып   тұрған   ортақ   мәселе   әке  мен  бала   арасындағы   ғажайып    махаббат   тақырыбы.    Міне,   біздің   де   ізіне   түсіп   індетпек  шаруамыз   дәл  осы    болғалы   тұр.

Уақыт   тілшесі   Хорхеден    Құнанбай   баласына   қарай   ауысқанда    аталған   кейіпкерлер  тобы  толығымен   орын  алмастырып   үлгереді.   Мұндағы  ең  басты   айырмашылық,   әке   өз  перзентін   өлгеннен   кейін   емес,  керісінше   көзі   тірісінде   ұлықтайды.    Осы  орайда  мына  бір  мәселенің  де   басын  ашалап   айтқымыз   келеді.  Гуманитарлық   ғылымда  сірескен   стереотиптерді   сөз  қылмағанда,   белгілі   авторитеттердің   атағы   мен   даңқы    алдыңғы    шепте   жүреді.  Олардың   еңбегінен   көрі   есімдерінің   бірінші   болып   куәгерлікке   тартылып    жататыны  да  сондықтан.   Бір  қызығы,   сол   «данышпандар»    дұрыс    деп   тауып,   батасын   берген     деректі   сенің    ақылың   мен   жүрегің,   түйсігің  мен танымың   еш   қабыл   етпесе   ше?   Сонда  не   істеуге  болады?

Міне,   бұл   шаққа   дейін  мың   ғалымның   ауызымен  «ғашықтық   жыры»  деп   мойындалып,   ат  қойылып,   азан  шақырылған    хакім   еңбегінің   бірі  «Көзімнің  қарасы»  өлеңі.

Ал,  біздің   пайымдауымызша  мұның  «махаббатқа»,  оның   ішінде  әйел    затына   ешқандай  да  қатысы  жоқ.   Бұл   Абайдың  тәні  бөлек   демесең  жаны  бір,   жалғандағы   шын  «ғашығы»   Әбдірахманға  арнаған  өлеңі  болатын.

 

                                                Көзімнің қарасы,

                                                Көңілімнің санасы.

                                                Бітпейді  ішімде,

                                                Ғашықтың  жарасы.

 

Рас,  Әбдірахман   Абай   үшін   «көзінің  қарасы»   мен  «көңілінің  санасы» еді.  Балқожа  биді   бек  ынтызар  еткен   Ыбырай  секілді  «Үміт  еткен  көзімнің  нұры  балам»   ықыласының   шын   иесі-тұғын.

Мәселенің  мия  тамырындай  болып  бытысып  кетуіне,   төртінші  жолдағы   «ғашықтық»  сөзінің   көп   әсері  болғанға    ұқсайды.  Бұған  басты  себеп, кешегі  материалистік  идея   «махаббат»   пен   «жар»    ұғымдарын    санамызға  тек   әйел   образы  ретінде  ғана  бейнелеп,    одан   асыра    ойлай    алмайтын    можантопай    түсінікке   ұрындырды.     Ал   бағзыдағы   бабалар  пайымы   үшін   «махаббат»   пен   «жар»   ұғымдары    ҚҰДАЙЛЫҚ   таным   болатын.   Бұл  сөзімізге   Шәкәрім  қажының   мына  бір  өлеңі  куә.

 

                                        «...Менің жарым қыз емес,

                                             Хақиқаттың шын  нұры.

                                             Оны сезер сіз емес,

                                             Көзге таса бұл сыры.

                                             Жасырып  тұр жар өзін,

                                             Бас көзімен қарама.

                                             Жүрегіңнің  аш  көзін...»

 

Қазақтың  «Құдай  жар  болсын»  сөзінің   шын  мағынасы  да   осы  бір  ойда  жатқанға  ұқсайды.  Ғашықтық – асқақ  ұғым.  Ол  жан  қалауынан  туса,  құмарлық,  керісінше тән  қалауынан  туады.  Екеуі  сырттай  біріне-бірі  қатты  ұқсағаны  болмаса,  мүлде  керағар  ұғымдар.  Хакімнің  «Ғашықтық, құмарлық пен  ол  екі  жол» деп арасын  ашалап  айтатыны  да  сол.   Біздің  ең  басты  қателігіміз  «ғашықтық»  сөзінің  шын  табиғатын  тани  алмағанымызда   болып  отыр  ғой.  Шәкәрім  өлеңдегі  «жар»  түсінігі  секілді   бұл   жердегі  «ғашықтық»  сөзі  де  сакральді   ұғым.  Ендеше  «ғашықтық»   ұлт   пен  ұлыс,   еркек  пен  әйел  деп   әсте  бөлінбейді  екен.  Онда  тек   ынтызар   адреске  деген   алапат   сүйіспеншілік  қана   болады.  Міне,   Абайдың   ақуалы   осыны   көрсетеді.

 

                                             Қазақтың  данасы,

                                             Жас үлкен  ағасы.

                                             Бар демес сендей бір

                                             Адамның  баласы.

 

Құдайшылығын   айтайық,  осы бір   шумақтың   әйел  затына   нендей  қатысы  бар?  Өлең   алаш   баласының   «данасы»  мен   «ағасы»  болар    азаматына   салмақ   түсіріп   тұрған  жоқ  па?  Басқа  бағдарға  негіз  тартқан    бұл шумаққа күмәнмен  қарағандарға,  ақынның  «Әбдірахман   науқастанып   жатқанда»  жазған   өлеңдері  мен  ол  дүниеден  өткеннен   кейінгі  топтамасына   назар  аударуын  сұраймыз.  Сол  өлеңдердегі:  «Жасқа  жас,  ойға  кәрі  едің»  я  болмаса  «Көрген, білген  өкінді, мін  тағар  жан  болмады»  деген    жолдар   жоғарыдағы   шумақтың  айна-қатесіз  аналогиясы   емес  пе?

 

                                                 Жүректен  қозғайын,

                                                 Әдептен озбайын.

                                                 Өзі де білмей  ме,

                                                 Көп сөйлеп созбайын.

 

Мүрсейіт  Бікі  баласының  қолжазбасымен  жарияланған   Абайдың   алғашқы   жинағында   «Көзімнің  қарасы»   өлеңі  1891  жылы  жазылған   деп  көрсетілген   екен.   Әбдірахманның   1895  жылы  не  бары  жиырма  жеті  жасында  мерт  болғандығын  ескерсек,  аталған   ғазал  сүйікті  ұлының    көзі  тірісінде  туған.   Біз  ақынның   «Өзі  де  білмей  ме»  ишарасынан  осыны  аңғарамыз.  Екінші   жағынан,   осы бір  өлең  жолдары   әке  мен  бала  арасында  орнаған  шын  асықтықтың   ұлына  да   айпарадай   анық  екендігін   әйгілеп   тұр.  Не  бары  төрт  шумақтан  ғана  тұратын  ғазалдың  соңғы  жолы   ақынның  сөз  түйіні   іспетті. «Көп  сөйлеп  созбайын»  деп   өз-өзіне  тоқтам  жасайды.

Міне,  кісіліктің  әдебі  де  осы.  Осымен  бәрі  де  бітуі  керек  еді.  Жоқ,  олай  болмай  шықты.  Он  сегіз  шумақтан  тұратын  өзге  бір  өлеңнің   бұған  еш  себепсіз  қосылып   кетуі,   негізгі   шындықтың   қайнар  көзін  бітеп  кеткен.   Сіз  бен  біздің   айдай  ақиқатты  ажырата   алмай   сандалып  отырғанымыздың   себебі  де   содан.

Айтпақшы,  ұмытып  барады екенбіз.  Абайдың   «Көзімнің  қарасы»   әні  жұмыр  жер  бетіндегі  әр  қазақ  баласына   таныс   десек  асыра  айтқандық  емес.   Сол  бәріміз  «білетін»    ән   Абайдың   түпнұсқа   туындысы   емес,   өзгеріске  ұшырап   операға  бейімделген   версиясы  ғана.   Алғаш  домбыра  табиғатындағы  өзінің  төл  нұсқасын  аруақты   әнші  Мәдениет  Ешекеевтің   үнтаспасынан  естігенде,   көңілдің   айран-асыр   болғаны  бар.

Бақсақ,   ән   әуенінде   әйел   бейнесі  деген   атымен   жоқ,   керісінше   келер  уақытқа   деген  сенім  мен  үлкен  үміт  бар.   Сол  үкілі   үміттің    кейіпкері   ән  әуезінің  өн  бойында   менмұндалап   тұрады.

Музыка  мамандары  «қазақтың  көптеген  әндері  қыз затына  арналған»  дейді.  Бәлкім,  солай  да  шығар,  бірақ  бұл  жердегі   «ғашықтықтың»  оған   үш  қайнаса  да  сорпасы   қосылмайтынын   қадап  тұрып  айтқымыз  келеді.

«КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ» – көзінің қарашығындай болған  Әбдірахманға әке тарапынан  жазылған  ғажайып  туынды.  Ақынның аманатындай болған  осы бір  өлеңді   талдауға,  шынымды  айтсам,  көпке  дейін  жүрексініп  жүрдім. Иә, уақыт  толғағымен  ішке  түскен   шемен  ойдың  «шер  толқытқандағы»  шыққан   сәті   бүгін   болды.

Не  нәрсенің  болсын  өз  әдебі  бар.   Ендеше     «көп  сөйлемей»   бізде сөзімізді   осы    жерінен   тәмам  етейік.

 

«Ақыл  бітпес дәулетке»

 

Сөзінде бай адамның мін болмайды,

 Бай болса қызметкерің кім болмайды.

 Ер жігіт шешен болып малсыз болса,

Рас деп айтқан сөзі шын  болмайды.                                                                  (Мәшһүр-Жүсіп)

 

Ақылын  шамшырақ  еткен  аталарымыз  арттағы  мұрагерлеріне:  «Бәрінен  де  жоқ  жаман»  деп  ескере  жүрмекке  ләзім  есті  бір  сөз қалдырыпты.  Ал  Майлықожа  ақын  «Алдынан  кедейліктің  айналып  өт,  төбесі  бір  көрінсе  қиын  болар»  деп  аталған  ойды  одан  әрмен   пілтелей  түскен  екен.  Жоқшылық  жолдасыңа  айналған   күннен  бастап,   ғазиз  басыңа  «қиямет»   орнады  деп  айта  берсек те   болады.   Дүниедегі  күллі  жамандық  атаулының   жоқтықтан   тамыр  тартатыны  өз  алдына,  оның  адамға  келтіретін моральдық дискомфорты мен психологиялық зардабын санамалап   көріңіз.  Сүйегіңді  жасытып,  жігеріңді  құм  қылып    жіберетін  мұндай  халді  атам  қазақ  «кедейдің  күні  кіжінумен  өтеді»  деп  бір-ақ  ауыз  сөзбен  бейнелеген  екен.    

Бұл  «қорлық»  өз  басыңмен  ғана  кетсе  тағы  да   жақсы  ғой.  Әр  тапшылықтан  түскен   таңба    әдетіңе   ұласып,   мінезіңе  айналады.   Кейін  сүйегіңе  сіңіп,  қандық  (шежірелік)  құжатыңды  түзеді.  Ал  тектің (геннің)  адамзаттың   ақпараттық  қоймасы  екендігі  айтпасақ  та   белгілі  ғой.  Бүгінгі  ұлтымыздың   ментальдік   ауруының  астарынан   осы  бір  жәйдің   себебі   мен  салдарын  аңғаруымызға  болады. Жасыратыны жоқ, қараша халықты таскенедей  сорған  тойымсыздардың   арғы   жағында   тоя   тамақ  ішпеген   «аталарының»   ақпараттық   қоры   жатыр.  Міне,  қанмен   берілген  құжат  қазіргі   ұрпақтарын  да  осындай   оспадарлыққа  салып  отыр.   «Қой  көрмеген  қой  көрсе,  қуалап  жүріп  өлтірер»  ғибратынан   біз   осыны   түсінеміз.

  Әлмисақтан  бері   ақыл  мен   дәулет   қамшының  өріміндей  тұтас  ұғымдар еді.  Кейін  келе  осы  екеуінің  алтын  арқауы   бірінен-бірі ажырап  кетті.  Қазақ  пайымында  бай  ұғымы – тектіліктің  синонимі.  Неге  дейсіз ғой? Себебі кенен  дәулеттің  ар  жағында  сол  адамның  арман-мұраты  мен  төккен  тері  жатыр.  Олай болса,  байлықты  адам  ақыл-ойының  заттанған  формасы  десек  те  болады.  Абайға  салсақ,  адамға  дәулеттің  бітуі  тікелей ақылға  қатысты,  ақыл  дәулетке емес,  керісінше,  дәулет  ақылға  мүдделі дейді.  Ақын  осы  бір  ойын  одан  әрмен  ширатып  «Ақылдың жетпегені арман емес» деген  тағы  бір  тезисті  ұсынады.  Бұл  жердегі  «арман»  ақылдың  эквиваленті.  Хакім  өлеңінен түйгеніміз,  арман сөзсіз  орындалады  екен,  егер  де  оған  адам   ақылы  жеткен  болса.  Ал  жетпеген  екен,  онда  ол  жайында   сөз   етудің  қажеті  де  жоқ.   

Ақыл – адамды арманға  жеткізуші  құрал  десек,  ал  ақылсыздықтың артында нендей  феномен  тұр.   Ендеше  осы   мәселеге де  аздап  ат шалдыра  кетелік.  Адам  ақылын  өткір  ұстарадай  етіп  ұдайы  қайрап отыратын  қос  құндылық, оқу мен ойлау  мәселесі.  Осы екеуі  тоқтаған  жерде  адам санасында  деградация  басталады.  Бір  сөзбен  ғана  байламын  айтсақ,   ақылды  шаң  басады.  Қазір әлемде орын алып отырған қылмыс атаулы көбінесе  кедей  елдерге  тән.  Осының  себебі  не?  

filosofiaМұның  түпкі  тінін зерделей  түссек, мәселенің бәрі  адам ақылының кемістігінде  жатыр.  «Сен  не  жейтініңді  айтсаң,  мен  сенің  кім  екеніңді  айтамын»  деген   тәмсілді  бәріміз  білеміз  ғой.  Адамға  тән  тұрғысынан  ғана  баға берген  бұл пәлсапаға  біз  жанның    «көру»  мен  «есту»   ұғымдарын  да   қосқан   болар   едік.  Сонда  бұл  ұғымның  мағынасы  былайша:  «Сен  не  жейтініңді,  және  не  көріп  не  еститініңді  айтсаң,  мен  сенің  кім  екеніңді  айтамын» болып  өзгерген  болар  еді.   Расында,  адамның  ішкені мен  жегені,  көргені  мен  естігені  ылғи  да  жетіспеушілік  болса,   мұндай  жанұядан   көреген   ұрпақ   қайдан   шыға   қойсын  (Бұған бүтін ұлттың ойлау  идентификациясын төмендеткен теледидардағы төменетек бағдарламалар мен мысықша мауыққан жұлдызқұрттардың лаңын қосыңыз). Біз оң қолымызды  сол жақ  кеудеміздің  үстіне  қойып  «біз  рухтымыз,  күштіміз» деп  қанша  жерден  күшенсек  те  халықтың  тұрмысы мен  тіршілігі  оңалмаса,  мұның  бәрі  бос  сөз  бен  бос  қиял  ғана.   Сонымен,  «Істемейтін  бас  екі  аяқтың  соры» қағидасы  қазіргі қазақ қоғамының  нағыз  портреті. «Қарашығанақ  Қазақстан  сөзінің синониміне  айналды» (Ғ. Боқаш) демекші,  жиырма  бес  жыл  бойына  біздің миымыздың (ақылымыздың) орнына  мұнай  қызмет жасады.  Осылайша санамыздың  дамуы  жиырма  бес  жылға  кенжелеп  қалды.  Мойындағанымыз жөн,  бүгінге  дейінгі  уақыт  бедерінде   мұнаймен  бәсекелесе  алатындай    бірде-бір  өзге  сектор дамыған  жоқ ( Бұл жерде ғылым  мен  ой  трансфері  жайында  айту   тіптен  ұят)  Осының кесірінен әлемдік нарықтағы мұнай  бағасының ойнамалы циклоны біздің  өмірімізге недәуір  дүрбелең  туғызып отыр. Оны  өзімізше экономикалық  дағдарыс  дейміз.  Дұрысы  сана  дағдарысы емес пе?  Бұл  рухани банкротқа  ұшыраған санамызды  «экономикалық  дағдарыс»  деген  бетпердемен өп-өтірік  бүркемелеу ғана. Дәлірек айтар болсақ, басымыздың істемейтінін  басқаға  аудара  салу  десек те болады  (Тәуелсіз аспанның астында «тәуелді» ғұмыр  кешіп, не басымызда үй, не  баурымызда қазанның болмауы  бұл  енді  өз  алдына  жеке  жыр). Төбедегі түсінігіміге  қайыра  оралайық.  Адамға  дәулеттің  бітуі  ақылға  тікелей  қатысты  дедік.   Мынадай  бір сұрақ  көңіл қытықтайды. Қазақстанды қойып, қап-қап ақшаларын  қарт құрлыққа сыйғыза  алмаған  қазақтың  бүгінгі  байлары  ақылды ма  сонда?  Әрине,  берілер  жауаптың  қандай  болмағын   ішіміз  сезетін  секілді ...

 

                                       Рингельман эффектісі

                                             (немесе Үсендер үкіметі)

 

Егер  ересек  адам  бір  өзі  ғана 70 келіге  жуық  жүк  көтереді  десек,  бұл  нәтиже  екі  адам  біріксе  140,  ал  үш  адам  біріксе  210  келі  болып  еселене  береді  деп  түсінген  кеңес  идеологтары  мәселенің  бәрі  ұжымдасып  тірлік кешуде деген  тұжырымға келген.  Содан «жұмыла көтерген жүк жеңіл»  науқаны басталып,  қызыл  матаға  ақ  жазумен  айғыздалған  «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін», «Біз біріксек алынбайтын қамал, асалмайтын асу жоқ» секілді  желбуаз  ұрандар әр бағаналар басында  самсай ілінген-тұғын. Бұл шаруа 1927 жылы халықты жаппай коллективтендіру (ұжымдастыру) мәселесіне алып  келді. Арғы жағы айтпасақ та  белгілі.  Ұлттық  буржуазияның  басына  бұлт  үйіріліп,  олардың    дүние мүлкі талан-таражға түсті.  Бұған  басты  себеп,  болашақ  бір астаудан  ас ішпек  кеңес  халқы  қай  жағынан болсын  өзара  тең,  әлеуметтік  я  болмаса рухани  тұрғыдан  адамнан  адамның  асып  кетуі деген  атымен  болмауы  тиіс.  Осындай  ұлт  руханиятына  жасалған  жойдасыз жоспарды қабылдай алмаған қазақ  болмысынан  «Бес саусақ  бірдей емес»  деген  қанатты   сөз  қалған-тұғын.   «Мына  өкімет  адамды  бай  етпектің  орнына,  байды  кедей  қалғаны  несі»  деп  айтып  салғаны  үшін   қазақтың  бір  қариясы  абақты  босағасын  көрген  екен.  Сонымен бұл жағдайды бір сөзбен ғана  безбендесек,  алаштың  рухани  ақуалы   мынадай   сапа мен сипатқа  қарай  ауысты.   «Асандар»  жойылып  «Үсендер»  үйелмені  толығымен  тарих  сахнасына  көтерілді.   Иә,  ендігі  жердегі  қоғам  да,   үкімет  те   тек  солардікі   ғана   болатын.   

Негізін  француз  ғалымы  Максимилиан  Рингельман (1861-1931) салған  бұл  теория  тарихта  «Рингельман  эффектісі»  деген   атпен  мәлім.  1927 жылы  тұңғыш  рет  сынақтан  өткізілген  теория   нәтижесі  адамдардың  «ұжымдасқан»  іс-әрекетінің   түбегейлі  қате  екендігін   дәлелдеді.   Экспримент  есебі  жоғарыдағы  кеңес  басшыларының  қисыны   қиялдан  ғана  тұратындығын,  оның  негізгі  мәні  мынада  екендігін  анықтады.  Мәселен,  бір  адамның  еңбек  күшін  100  пайыз  деп  есептейтін  болсақ,   екі  адам  біріккенде  бұл  көрсеткіш  93,  ал  үш  адам  біріккенде  85  болса,     сегіз адамға көбейгенде  жұмыс өнімділігі 49 пайызға дейін  төмендеп  кеткен.  Ғалым  түптеп  келгенде   бұл   адамдарды    енжарлық пен  жалқаулыққа  ғана  үйрететінін,  топтық  мүдде  болған  жерде  жеке  адамның  жауапкершілігі  дегеннің  атымен  болмайтынын  алға  тартады.  Қалай  десек те осы бір   ұжымдастыру  саясаты  ұлт  ағазасына  көптеген  кесапаттардың   ұрығын  сеуіп  кетті. 

[caption id="attachment_21469" align="alignright" width="235"]10389016_1514351915496983_5541801587144141234_n Ықылас Ожайұлы[/caption]

Мәселен,  бүгінгі  өнер  мен  руханияттың  «мафияға»  айналуы,  биографиясы  мен  жағрапиясы келмегендердің   бұл  сыбағадан   саналы  түрде  қағылуы,   қолдан   «қайраткер»  жасалуы    бәрі-бәрі   осының  салдары  ғой.   Ең  басты  өкінішті  жағдай   ұлттың   бір   өлшемдегі  стандартты  санада  қалып  қоюы  дер  едік.   Әбден  әлсіреп,  дербес ойлауға  дағдыланбаған  санамыздың  өзгеріс  атаулыға  өре  түрегелуінің  астарында,  мінеки,  осындай  құпиялар  жатыр.   «Егер де  біз  бірдей ойлайтын болсақ, онда бұл ешкімнің ештеңе ойламайтындығының  көрсеткіші» деген  тәмсіл осы  сөзіміздің   айғағы   ғой.     Өзгеріс  керек   дегенді  өте  көп  айтамыз.  

Ендеше, ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ  өзі  тәуелсіз  ойлауымызға  берілген  ғажайып   мүмкіндік  емес  пе  еді?! 

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ


Рекомендовать
Последние новости