"Екі дүниеде жалғызым - Қазақстан" деген тіркес сөздің төресі емес пе? Ал бұл ән болып өрілгендегі қаны қазақ тыңдаушысына берер әсерін сөзбен жеткізіп берудің өзі қиын. Әр қазақ азаматының жүрегінің соғысы осы бір мағыналы тіркестен басталса, бейіш мекен Қазақ Елінің еңсесі ешқашан иілмесі анық. Білгендеріңіз бұл сөздің иесінің кім екенін естеріңізге алып кеткен де боларсыздар, білмегендеріңіз кім екен деп елеңдеп отырған шығарсыздар.
Екі дүниеде жалғызымыз – Қазақ Елінің өз шаңырағын өзі көтеріп, өз көшін өз баласы бастағанына 25 жыл толыпты. Елдің 25 жылдағы ең бір үлкен жетістігінің бірі жерімен қоса Елінен бөлектеліп қалған қазақтың елге қайта сағынысып қауышқаны еді. Сырттағы қазақ қазақ Азат Ел болады екен дегенді ести салысымен өз еліне қарай өз күшімен аттанды. Міне, сол "Екі дүниеде жалғызым - Қазақстан" деген азамат қазақтың шеттегі қалған жерінде туылса да, Елдің азаттығын жариялағанына куә болуға елге азаттықтан бұрын жетіп еді.
Ол кезде біз бала едік, артымыздағы іні-қарындастарымызды "Сәбилер-ай, Базар ғой өздеріңмен бар үйлер-ай" деп ойнатып, "Адуынгердің адуынды ағуын" көріп, Ол жүрген биік жайлауда "Күнес-ай" деп әндетіп жүргенбіз. Содан елден жеткен дұғай сәлемдердің аңсарлы сағынышы бізге "Гүл қалам, Алматы", "Екі дүниеде жалғызым - Қазақстан" дегенді жеткізді. Енді біздің арман гүл қала Алматы мен екі дүниедегі жалғызымыз Қазақстанды көру болды. Арман да орындалып, "Жан емес маған керегі, көк тудың желбірегені" деп, көк тудың астына да жеттік.
Біз солай елге жеттік, бірақ бізді жеткізген азамат, біздің Ұлы көшіміздің басшысы болған азамат елімізге бізден бұрын қанша тез жетсе, бұл пәниден де сонша тез кетті. 2011 жылдың көктемінде көк туын маңгілікке желбіретіп, бұл дүниедегі жалғызын бізге қалдырып, өзі о дүниедегі жалғызына аттанып кетті.
Артында елі қалды, жері қалды, көк туы қалы, екі дүиедегі жалғызы – Қазақстаны қалды, гүл қала Алматысы қалды, аға-бауыр, дос-жаран, бар қазағы қалды. Бәрі де қазір еске алады. Аты аталса көркем естеліктер айтады. Абай атам айтқандай "адамзаттың бәрін, қазақтың бәрін бауырым деп сүйген" деген естеліктерді көп естиміз.
Ол кісі кетісімен "Көк туы" бар қазақтың ұранына айналды. Қазақтың қанын тасытып, руxын көтерді. Ел азатығын алғаннан бері қазақ көші Елімізге не берді дегенде ауыз толтырып айтар, Қазақ руxын көтеруге қосқан үлесін айтқанда бүкіл ел еліне асығып келіп, арғы әлемге асығыс қапияда аттанған Мұстафа Өзтүрік, спорттан Қанатты айтса, өнерден Ерекемді –Ермұрат Зейіпxанды айтады.
Ермұрат ағамыздың елге оралғанына да 25 жыл болса, тірі болғанда 30 желтоқсан күні ердің жасы 50-ге де толар еді. Амал қанша, ағамыз арамыздан ерте әкетті. Тек артына қалдырған өлшеусіз өлмес еңбектерімен көңіл жұбатамыз. Ағамыздың 50 жылдық мерейтойын өзімен бірге атап өту бақытынан айырылған дос-жарандары мен аға-інілері, туыс- туғандары өзі болмаса да руxы шаттансын, арттағы ағайын руxтансын деп Ермұрат Зейіпxанұлын еске алу шараларын өткізуді жоспарлап отыр.
Ерекем әнге қосқан мың жасаған Алматының төрінде, 7 желтоқсан күні М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында "Екі дүниеде жалғызым - Қазақстан" атты ақын, сазгер, әнші, актер, қаламгер – сегіз қырлы, бір сырлы, "Көк тудың желбірегені", «Күнес-ай», «Жайлауым – әнім» секілді көптеген өрімі бөлек әндердің авторы Ермұрат Зейіпxанұлын еске алу концерті өтеді. Одан да басқа шағын шаралар ұйымдастырылмақ.
Концертке келіп Отан мен туған жерге деген махаббатын әнмен өрнектеп, перзенттік парызын толығымен өтеп кеткен азаматты еске алып, рухтанып қайтыңыздар.
Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН