Риддерде өрттен зардап шеккендерге арналған 32 үйдің құрылысы аяқталуға жақын

Dalanews 08 июл. 2021 08:24 746

Риддерде өрттен зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлене бастады, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Риддер қаласына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі бірінші кезекте «Ботаника» жаңа шағын ауданына барып, ірі орман өртінен зардап шеккен үйлердің құрылыс барысын тексерді. Бүгінде 32 баспананың құрылысы аяқталуға жақын.

Қазіргі уақытта бірнеше үйде әрлеу жұмыстары жалғасуда, сонымен қатар жолдарды абаттандыру және асфальттау жұмыстары жүргізілуде, жақында су мен электр энергиясы қосылады.

Жоспар бойынша алғашқы тұрғындар жаңа тұрғын үйлерге 18 шілдеде, қалғандары – 15 тамызға дейін кіруі тиіс. Барлық тұрғын үй толығымен дайын түрде тапсырылады, тіпті әрқайсысында ас үй жиһазы орнатылады. Өртке дейін шағын ғана баспанасы болған тұрғындар да 80 шаршы метрлік кең үйге қол жеткізеді.

Қала тұрғындарымен кездесу барысында өңір басшысы өрттен келтірілген залалды есептеу жөніндегі комиссияның жұмысы аяқталғанын және 7 шілдеден бастап адамдар өтемақы төлемдерін ала бастайтынын хабарлады.

Сондай-ақ, Даниал Ахметов көп балалы отбасылармен жүздесті. Олар белгісіз адамдардың интернетте үйлердің сапасыз салынғаны туралы жазған пікірлеріне өкініш білдірді. Аналардың айтуынша, құрылысшылар сапалы жұмыс істеуде. Тіпті тұрғындарға құрылыс алаңдарына баруға және құрылысшыларға өз тілектерін білдіруге рұқсат етіліпті. Сөздерінің дәлелі ретінде қала тұрғындары жаңа үйлерін көрсетіп, облыс әкімін қоныс тойға шақырды.

– Бүгінде Риддер қаласында тұрғын үй алу кезегінде 45 көп балалы отбасы тұр, олардың 20-сы осы жылдың өзінде-ақ өз баспаналарына ие болады. Олар үшін жайлы әрі кең үйлер «Ботаника» шағын ауданында салынуда, – деді облыс әкімі.

Сапар соңында Д.Ахметов Риддердегі вакцинациялау барысымен танысты. Қалада 10 стационарлық және бір жылжымалы екпе салу пункті жұмыс істейді. Олардың барлығы мереке және демалыс күндері де жұмыс істеуде, өйткені қызметке деген сұраныс артқан.

– Шығыс Қазақстан облысында медицина қызметкерлері мен күш құрылымдарының 100%-ы екпе алды. Республиканың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қазір вакцинация студенттер мен мұғалімдер, сондай-ақ қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін азаматтар арасында белсенді жүргізілуде, – деді аймақ басшысы жергілікті БАҚ өкілдеріне.

Рекомендовать
Последние новости