Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов Respublica партиясының теңтөрағасы қызметін енді атқармайды. Бұл ақпаратты партияның баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Руслан Берденов биыл 24 ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы лауазымға келген соң, ол Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігін тоқтатты.
Еске сала кетейік, 21 сәуірде Руслан Берденовке қастандық жасалған еді. Ол ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді және оған шұғыл түрде ота жасалды.
Күні кеше аталған оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Руслан Берденов әзірге жұмысқа кіріскен жоқ. Уақытша Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін бірінші орынбасар Қуаныш Асылов атқаруда.