Үкімет Жезқазған қаласының жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғыртуға 2,8 млрд теңгеден аса қаржы бөлді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Жезқазған қаласы жылу желілерінің ұзындығы 398 шақырымға жетеді. Нысан 1951 жылы пайдалануға берілген, 56,6 пайызға тозған.
"Жылу желілері цехында 1969 жылы іске қосылған 8 сорғы стансасы бар. Жылыту маусымында жылу желілерінің тозуы жылумен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді", - деп жазылған хабарламада.
Қаланың кеңеюін және салынып жатқан жаңа Батыс ауданын жылумен қамтамасыз ету қажет екенін ескере отырып, бастапқы жоба түзетілген: құбырлардың диаметрі 800 мм-ден 1000 мм-ге дейін, ал желілердің ұзындығы 11,4 шақырымнан 12,3 шақырымға дейін ұлғайтылған.