Ресейдегі су тасқыны. Қазақстанның бұған қандай қатысы бар?

Сағыныш Сардарова 10 апр. 2024 17:57 7439

Су тасқынына қатысты төтенше жағдай тек Қазақстанды емес, көршілес Ресейде де күрделі болып отыр. Ресей Федерациясының бірнеше облысында аймақтық дәрежедегі төтенше жағдай жарияланған.

Ресей Федерациясы президентінің Орал федералды округіндегі өкілі Владимир Якушев өңірдегі қазіргі жағдай туралы айтып, бұл жайтқа Қазақстанның қандай әсері барын тілге тиек етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Владимир Якушевтің айтуынша, жағдай күрделі, жұмыс істеліп, аумақтар тексеріліп жатыр. Әсіресе, су келіп жатқан аймақтарда белсенді жұмыстар қолға алынған. Ал кейбір аумақтарда эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ресми өкіл Ресей Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқынының алдын алу үшін Қазақстан өзінің су қоймаларында суды "келісілген түрде жіберуі керек" деген пікірде.

"Бізде осындай қыс болған кезде, оның үстіне қар да жеткілікті мөлшерде жауған кезде, сонымен қатар, су қоймасында судың жеткілікті үлкен қоры жиналған кезде осы су қоймаларына су неғұрлым келіскен түрде, дұрыс және біркелкі келуі үшін әріптестерімізбен (Қазақстандағы - еск.) жұмыс істеу керек", - деді Якушев РБК телеарнасының эфирінде.

Оның айтуынша, осы мәселелер шешілген жағдайда бірнеше облыста су тасқынының алдын алуға болады. Әзірге Қорған "үлкен суға" дайындалып жатыр.

"Алдын ала болжам бойынша бұл - тарихи максимум",- деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанның да бірқатар өңірінде су тасқыны мәселесі ушығып отыр. Ресми деректерде Атырау облысы Құлсары қаласында үш мыңға жуық үй суға кетті делінеді. Ал Батыс Қазақстан облысы Жайық өзенінің деңгейі көтерілуін қатаң бақылап отыр.

"Су Ресей Федерациясының тарапынан келеді, онда су тасқынына байланысты Ириклин су қоймасына жіберіліп жатыр. РФ тарапынан Ириклин су қоймасының суын ағызу біртіндеп азайып келеді. Ресей тарапының ақпараты бойынша Ирикла су қоймасына ағын жылдамдығы - 1 485 м3/сек", - деді Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Руслан Қасыбаев ОКҚ алаңында өткен брифингте бұған дейін.

Су тасқыны кезеңі басталғалы өңірде барлығы 12 970 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 400-ге жуығы бала. 1155 тұрғын үй су астында қалды, оның 732-сіне тұрғындар қайтып келді.

Ал "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ өкілдері республикалық жолдарда 706 техника мен 1680 адам су тасқынының алдын алу бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.


Сондай-ақ, уақытша орналастыру пункттерінде 7 мыңнан аса адам бар деген деректер де бар.


Рекомендовать
Последние новости