Ресейдегі қанды теракт: күдіктілердің сыбайластары болуы мүмкін адамдар ұсталды

Сағыныш Сардарова 26 мар. 2024 09:19 2397

Ресейдің Тергеу комитеті террористердің болжамды үш сыбайласын тұтқындауды сұрады, оларға қатысты іс материалдары Басман сотына түсті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Mash арнасы олардың есімдерін жария етті.

"Олар - Аминчон, Диловар және Исроил Исломовтар (әкесі мен екі ағайынды). Олар террористерге көмек, байланыс, логистика ұйымдастырды деген күдікке ілінді", - деп жазылған арна мәліметінде.

Кейінірек олар Басман сотына жеткізілді.

Деректерге сүйенсек, Диловар Исломов 1 ай 29 күнге қамауға алынды. Ол 22 мамырға дейін тергеу изоляторында болады.

"Террористердің бірі Шамсидин Фаридуни 2024 жылы наурыздың басында Аминчон мен Диловар Исломовтарды шабуыл ұйымдастыруға тартқан.

Олар көлік пен логистикаға жауапты болды. Диловар арқылы шабуылдаушылар ақ түсті Renault Symbol сатып алды. Олар шабуылдан кейін Брянск облысында қуғын-сүргіннен жасырынуға тырысты", - деп жазылған деректе.

Ал 64 жастағы Исроил Исломов 22 мамырға дейін қамауға алынды. 33 жастағы Аминчон Исломов 22 мамырға дейін тергеу изоляторында болады. Ол жүргізуші болып жұмыс істегені және ағасымен бірге Ресей азаматтығын алғаны белгілі.

"Әкесінің Тәжікстан паспорты және Ресей Федерациясында тұруға рұқсаты бар. Олардың ешқайсы кінәні мойындаған жоқ. Екі күн ішінде барлығы жеті адам қамауға алынды", - деп жазды арна.

Айта кетейік, атыс "Пикник" рок-тобының концертіне бірнеше минут қалғанда басталған болатын.

"Залда жүрген адамдар атыстан қорғану үшін бірден жерге жатып қорғанды. Кемінде 15-20 минут жерде жатып, ақырындап сыртқа шыға бастады. Көбі қашып үлгерді", - деп жазды сол кезде ресейлік арналар. 

Ал бұған дейін Мәскеу қаласының аудандық сотына Крокус-Экспо сауда ойын-сауық орталығында ауқымды террористік акт жасады деген күдіктілер әкелінген болатын. Кейінірек Басман аудандық соты террористер тобына қатысты алдын ала тергеу органдарының бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарауға кірісті.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің алдын ала ақпараты бойынша террористердің атыс қаруын қолдануы мен сауда ойын-сауық орталығы өртенуінен 130-дан аса адам қаза тапқан, зардап шеккендердің саны 180 адамнан асады.

Сот бұған дейін ұсталған күдіктілерге 1 ай 28 тәулік мерзімге, яғни 2024 жылғы 22 мамырға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.


Рекомендовать
Последние новости