Желіде Мәскеудегі теракт басталғанға дейінгі кадрлар пайда болды

Сағыныш Сардарова 25 мар. 2024 16:20 2661

22 наурызда белгісіз біреулер Мәскеудегі Крокус Сити Холл концерт залында адамдарға оқ жаудырды. Кейін концерт залында өрт шықты. Себебі оқ атқандар граната жарғаны белгілі болды. Қазір төрт күдікті де ұсталды. Ал әлеуметтік желіде теракт басталғанға дейінгі кадрлар пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Mash арнасының деректеріне сүйенсек,видеода "Крокустағы" трагедиядан бір сағат бұрынғы "Пикник" тобының кадрлары көрінеді. Дайындық 17:00-де басталған. Музыканттар дыбыс пен басқа да жабдықтарды тексеріп, кейін киім ауыстыратын бөлмеге кеткен.

"Сол жерде олар атыс дыбыстары мен айғай-шуды естіген. Солистер мен топ қызметкерлері қосалқы есік арқылы эвакуацияланды. Қайғылы оқиғадан кейін рок тобы қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына ақша жинау жұмыстарын ұйымдастырды", - деп жазылған арна мәліметінде.

Айта кетейік, атыс "Пикник" рок-тобының концертіне бірнеше минут қалғанда басталған болатын.

"Залда жүрген адамдар атыстан қорғану үшін бірден жерге жатып қорғанды. Кемінде 15-20 минут жерде жатып, ақырындап сыртқа шыға бастады. Көбі қашып үлгерді", - деп жазды сол кезде ресейлік арналар. 

Ал бұған дейін Мәскеу қаласының аудандық сотына Крокус-Экспо сауда ойын-сауық орталығында ауқымды террористік акт жасады деген күдіктілер әкелінген болатын. Кейінірек Басман аудандық соты террористер тобына қатысты алдын ала тергеу органдарының бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарауға кірісті.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің алдын ала ақпараты бойынша террористердің атыс қаруын қолдануы мен сауда ойын-сауық орталығы өртенуінен 130-дан аса адам қаза тапқан, зардап шеккендердің саны 180 адамнан асады.

Сот күдіктілерге 1 ай 28 тәулік мерзімге, яғни 2024 жылғы 22 мамырға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.


Рекомендовать
Последние новости