Ресей Қазақстан мен өзге де бірқатар елдермен арадағы осыған дейінгі визасыз режимнің ережесін күшейту тұрғысында қайта қарастырды. Енді жаңа тәртіпке сәйкес, 2025 жылдың 30 маусымынан бастап, қазақстандықтар Ресей аумағына кіру үшін алдын ала тіркеліп, арнайы QR-код алуы тиіс болады. Бұл өзгеріс Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді визасыз режим туралы келісім жасаған елдердің азаматтарына да қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресей үкіметі қабылдаған қаулы бойынша, қазақстандықтар енді Ресейге жоспарланған сапарынан кем дегенде 72 сағат бұрын арнайы қосымша арқылы тіркеуден өтіп, сапар мақсаты мен мерзімін, жеке деректерін, сондай-ақ фотосуреттерін ұсынуы қажет. Төтенше жағдайда (жақын туысының ауыр сырқаты немесе қайтыс болуы) бұл мерзім жолға шығарға дейінгі төрт сағат бұрын уақытқа дейін қысқартылады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, тіркелу "Мемлекеттік қызметтер RuID" атты мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылмақ. Дегенмен ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, аталған қосымша әзірге дайын емес. Сарапшылардың пайымынша, бұл қосымшаның жұмысы тек маусым айының соңына қарай іске қосылады деп күтілуде.
Тіркеуден сәтті өткен жағдайда қазақстандықтарға QR-код беріледі. Аталған код Ресеймен шекарадағы бақылау бекеттерінде көрсетіледі. Сарапшылардың сөзінше, шекара аймақтарындағы интернеттің тұрақсыздығын ескеріп, QR-кодтың скриншотын алдын ала әзірлеп алған жөн.
Көші-қон мәселелері жөніндегі сарапшы Валентина Чупиктің айтуынша, жаңа тәртіп, шын мәнінде, электронды виза жүйесіне өте ұқсас.
"Бұл іс жүзінде жеңілдетілген визалық режимге тең. Адамдар енді Ресейге аттанар алдында үш күн бұрын арнайы рұқсат алуға міндетті. Бір жағынан, бұл жүйенің тиімділігі сол – азаматтар Ресейге кіруге тыйым салынған-салынбағанын алдын ала біле алады. Бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда кіруге тыйым салынса, оның себебін анықтау және шешімді даулау қиынға соғуы мүмкін", – дейді заңгер.
Ресей тарапы бұл өзгерістердің "көші-қон ағымдарын реттеу және шекарадағы тәртіпті нығайту мақсатында" енгізілгенін нақтылайды. Қосымшаны енгізудегі негізгі мақсат – шетелдік азаматтардың Ресейге сапарларын толық бақылауға алу.
QR-код алу тәртібі белгілі бір санаттағы азаматтарға қолданылмайды. Атап айтқанда, Ресейге визамен кіретін елдердің азаматтарына, дипломаттар мен олардың отбасы мүшелеріне, уақытша тұруға рұқсаты (РВП) және ықтиярхаты (ВНЖ) бар азаматтарға, сондай-ақ Беларусь Республикасының азаматтарына QR-код алу міндеттелмейді. 6 жасқа дейінгі балаларға да бұл тәртіптің қатысы жоқ.
Ресей үкіметінің қаулысында 2025 жылғы 30 маусымнан кейін QR-кодсыз келген өзге шетелдік азаматтарды ел аумағына кіргізбеу туралы нақты айтылған. Дегенмен Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі "QR-кодтың болмауы Ресейге кіргізбеуге негіз бола алмайтынын" хабарлағанымен, өз азаматтарына жаңа тәртіпке бейімделуге кеңес береді.
Ал Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның сыртқы істер министрліктері бұл жаңашылдыққа қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Ресейлік баспасөздің мәліметінше, алдын ала тіркеліп, QR-код алғанның өзінде ол Қазақстан азаматтарына Ресейге 100 пайыз кепілдік бермейді. Соңғы шешімді шекара қызметінің өкілдері қабылдайды. Сондай-ақ биометриялық деректердің сәйкес келмеуі де шекарадан ары жібермей қоюға негіз болуы мүмкін.
Ресей Федерациясының үкіметі бұған дейін де қазақстандықтар үшін шекара ережелерін бірнеше рет қатаңдатқан болатын. Мысалы, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың Ресей аумағында бір жыл ішінде болу мерзімі 90 күнге дейін қысқарған. Бұған дейін 180 күн ішінде 90 күннен артық болмау тәртібі қолданылып келген еді.
90 күннен ұзағырақ Ресейде болуға тек білім алу мақсатында барғандар, еңбек қызметін жүзеге асыратындар, уақытша тұруға рұқсаты барлар және саяси баспана сұрағандар құқылы.
Ресей үкіметі биылдан бастап Қазақстан азаматтарынан биометриялық мәлімет жинауды да күшейтті. Осыған байланысты 2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Мәскеудегі халықаралық әуежайлар мен Орынбор облысындағы Маштаково өткізу бекетінде қазақстандықтардан міндетті түрде фотосурет пен саусақ іздері алына бастаған. Сынақ режимі сипатындағы бұл шара 2025 жылдың маусым айының соңына дейін жалғасады.
2025 жылғы 30 маусымнан кейін биометриялық деректерді жинау Ресейдің барлық шекаралық бақылау бекеттерінде міндетті болады. Осы кезеңнен бастап Ресейге кірген әрбір қазақстандық азаматқа арнайы цифрлық профиль жасалып, оның жеке деректері ресейлік мемлекеттік жүйелермен интеграцияланады.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі жаңа талаптарды ескере отырып, азаматтарға шекаралық бақылаудан өту рәсімдеріне жауапкершілікпен қарап, дұрыстап дайындалуды, сапар алдындағы тексерістерден мұқият өтуді ұсынады.
Сондай-ақ елшілік Ресей аумағына кірген кезде есірткіге жатқызылған өсімдіктерді, атап айтқанда, адыраспан (гармала) әкелуге болмайтынын еске салады. Ресей заңнамасына сәйкес, есірткі құрамына жатқызылған мұндай өсімдіктерді заңсыз тасымалдағандар үш жылға дейін, ал аса ірі көлемде топ болып алып өткендер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осылайша, Ресейдің визасыз кіру режимін күрт күшейтуі Қазақстан мен Орталық Азия елдері азаматтарының көрші елге сапарларын жоспарлауда жаңа кедергілер туғызуы мүмкін. Сарапшылар мен құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл өзгерістердің саяси астары да бар және шекарадағы бақылаудың күшеюі алдағы уақытта да жалғаса түспек.