"Ресей Қазақстанды "құтқарған" жоқ". Тоқаев алып-қашпа әңгімеге нүкте қойды

Dalanews 15 июн. 2022 09:56 848

Президент Тоқаев қаңтар дүрбелеңі кезінде Путин Қазақстанды "құтқарды" деген пікірді жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Көршіміздің кейбір азаматтары Қаңтар оқиғасында Кремль Қазақстанды "құтқарып қалды" деп мәлімдеп, оқиғаны барынша бұрмалауда. Осы үшін де "Қазақстан Мәскеуге мәңгі қарыздар, Ресейге тәу етіп, қызмет көрсетуі керек" деген сыңайда сөйлеп жүр. Бұл мүлде ақылға сыймайтын, шындыққа жанаспайтын әңгіме", – деді Тоқаев "Ресей 24" арнасының тілшісі Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында.

Қазақстан президенті Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының күштік құрылымдары атыс-шабысты тоқтатуға араласпайтыны туралы уағдаластық болғанын атап өтті.

"Расымен де, ҰҚШҰ контингенті тарапынан бірде-бір оқ атылмады. Бұдан сырт, келісімге сай олар біздің елде 10 күннен артық аялдамады", - деп атап өтті президент.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы Еуразиялық одақ пен ҰҚШҰ қатарынан шығуға қатысты соңғы кездері жиілеп кеткен алып-қашпа әңгімені жоққа шығарды.

"Одақтас елдер арасындағы интеграциялық бірлестіктердің байланысы бекіп келеді. Барлығы өз ретімен жүзеге асуда. Қазақстан осынау ұйымдардағы белсенді қызметін жалғастыра түседі.  "Қазақстан Еуразиялық одақтан немесе Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан шығады" деген әңгімелер қауесет қана, шындыққа мүлдем жанаспайды", – деді Тоқаев.

Рекомендовать
Последние новости