Ресей армиясының 70 пайызы Украинамен шекарада тұр

Dalanews 07 февр. 2022 07:13 859



Ресей әскері мен қарулы техникасының 70 пайызын украина шекарасына жақын жерге жайғастырды. Осылай деп Reuters және Washington Postбасылымдары АҚШ-тың Барлау қызметіндегі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.  





Мәліметке қарағанда, Украина шекарасына жақын жердегі ресейлік батальондық топтардың саны 83-ке жетті. Бұдан бөлек тағы 14 топ жолда бара жатқаны хабарланды.

Дереккөз бір апта бұрын шекара маңындағы орыс батальондарының саны 60-қа жақын болғанын атап өткен. Басылымдардың жазуынша, бұл санға Беларусьта өтіп жатқан әскери жаттығуға барған ресейлік жауынгерлердің қосылған-қосылмағаны көрсетілген емес.

Бір батальондық топта 750-ге жақын әскер бар. Washington Post газеті Украина шекарасына жақын жердегі және аннексияланған Қырым түбегіндегі ресейлік әскердің жалпы саны 100-130 мың деп жазады.

Ресей былтыр күзден бері Украина маңына әскерін топтастырып жатыр. Соңғы аптада Беларусь аймағына да орыс әскерлерін жөнелтіп жатыр. Бұл аймақ Украина солтүстігімен шекаралас.

Батыс пен Киев Ресей жақын күндері Украинаға шабуыл жасауы мүмкін деп ескертіп келеді. Мәскеу мұндай ниеті жоқ екенін, әскери жаттығу өткізу мақсатында ғана екенін айтып, Батысқа "Украина НАТО-ға мүше болмауы керек" деген талап қойып жатыр.



Рекомендовать
Последние новости